Әлеумет

ШҚО-да заңсыз 15 келі алтын өндірген экс-шенеунік сотталды

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндірумен айналысқан екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Алтын

Олардың бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу дерегінше, сотталғандар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде EastGoldStone ЖШС арқылы заңсыз кен өндірген. Компанияда қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензия болғанымен, экскаватор, тиегіш, самосвал және арнайы жуу жабдықтарын пайдаланып алтын өндірген.

Заңсыз өндірілген алтынның көлемі 15 келіден асып, жалпы құны 844 млн теңгеден астам болған. Тергеу кезінде 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленді. Олардың жалпы құны 382 млн теңгеге бағаланған.

Заңсыз кен өндіру салдарынан 18,2 гектар жер бүлініп, мемлекеттік орман қорындағы ағаштар мен бұталарға да зиян келген. Экологиялық залалды жоюға 300 млн теңгеден астам қаражат қажет.

Сот 372 млн теңгенің мүлкін, оның ішінде жүк көліктері мен арнайы техниканы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың доллар қолма-қол ақшаны тәркіледі.

Екі сотталушы да төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз