Қоғам

Павлодарда баланы қасықпен ұрған тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Павлодар қаласындағы жеке балабақшалардың бірінде тәрбиеленушіге күш қолданды деген күдікпен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыскер

Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болды. Баланың анасы сәбиінің денесіндегі көгерген іздерді байқап, балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбасын қарап шыққан.

Бейнежазбада тәрбиешінің балаларды ұйықтатып жатқан сәті көрінеді. Кадрларда оның бүлдіршінді арқасынан қағып ұйықтатуға тырысқаны, сондай-ақ бір мезетте баланың үстінен денесімен басып қалғаны байқалады. Бұдан бөлек, тағы бір бейнеүзіндіде тәрбиешінің қасығын жерге түсіріп алған баланың қолынан қасықпен ұрғаны түсірілген.

Оқиғадан кейін ата-анасы тәрбиешінің үстінен полицияға арыз жазған.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз