Павлодарда дауыл Ленин ескерткішін қиратты
Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқиға 8 қарашаға қараған түні болған. Қатты жел салдарынан ағаш Ленин ескерткішіне құлаған.
"Дауылдың салдарынан Ленин ескерткішінің үстіне ағаш құлады, ол тұғырдан құлаған кезде мүсін қалпына келмейтінде болып бүлінді", - деп хабарлады Павлодар әкімдігі.
Павлодардағы Лениннің бұл ескерткіші 1928 жылдың шілдесінде бұрын "казак" деп аталған алаңда ашылды. Қазір ол "Балалық шақ алаңы" немесе павлодарлықтар айтқандай "Ленпарк" деп аталады. Саябақ Астана мен Толстой көшелерінің қиылысында орналасқан және қаладағы ең көне саябақтардың бірі болып саналады. Соңғы рет павлодарлықтардың ақшасына тұғыр мен мүсін 2022 жылдың күзінде қайта жөндеуден өткен.
"Ол мәдени мұралар мен ескерткіштер тізілімінде жоқ. Қазіргі уақытта құлаған ағашты кесу және тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жұртшылықпен кеңінен талқылаудан кейін бұл жерде не болатыны туралы шешім қабылданады", - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желіде павлодарлықтар пролетариат көсемінің ескерткішінің қираған жерінен суреттерімен бөлісіп жатыр. Кейбір әлеуметтік желі иелері мұны қандай да бір символизммен байланыстырып жатыр.
"Дауыл ескі дәуірдің жылнамасына нүкте қойды", - деп жазылған әлеуметтік желіде.
Қоғамның бұлай айтып жатқан себебі Кеңес дәуірінде 7 қараша Қазан төңкерісінің мерейтойы ретінде тойланды. Бұл күн КСРО-да басты мереке болып саналды және алаңдарда шеру өтетін.
Айта кетейік, Павлодар облысында қарашаның 6-нан 7-не қараған түні соққан дауылды жел бір тәулікке жуық басылмады. Өңірде көптеген ауыл жарықсыз қалды. Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 ауылда электр қуатын беруді қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Павлодарда құлаған ағаштар тоқтап тұрған көліктерді қиратты. Дауыл 14 әлеуметтік нысанның, сондай-ақ көпқабатты және жеке үйлерді қосқанда 62 ғимараттың шатырын жартылай жұлып әкетті.