Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:35, 12 Наурыз 2024

Подкаст – еркіндік алаңы бола ала ма?

Подкаст
Фото: из открытых источников

Өткен желтоқсанда подкаст туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітаптың тұсауы кесілді. Медиа саласында өз алдына дамып, аудитория назарынан түспей келе жатқан подкаст цифрлы технологиялардың журналистикаға берген жаңа алаңдарының бірі іспеттес.

Соңғы уақыттары оның тақырыптық-мазмұндық аясы да, қаралымы немесе тыңдалымы да артып келеді. Әлем елдерінде сонау 2004 жылдары пайда болып, интернетпен бірге қарыштаған подкастиң біздің елде локдаунның фонында жақсы дамыды. Көпшілік жолда келе жатқанда, көлікте қосып қоюды, құлаққаппен тыңдап жүруді, тіпті уақыт бөліп қарауды әдетке айналдырғандықтан аталған сала журналистикадағы бөлек формат ретінде өз алдына ерекшеленіп келеді. Сондықтан оны зерттеп, классификациялап, подкаст жасаймын деушілерге нұсқаулық беру – кітап авторларының негізгі идеясы болыпты.

Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан «Атың шықпаса, подкаст жаса» кітабын жазуды осыдан үш жыл бұрын, 2021 жылы қолға алған. Тәжірибелі подкастерлер бұл еңбекті Alqa Publishing баспа үйімен бірлесе отырып басып шығарған. Түпнұсқасы қазақша жазылып, орысшаға аударылып жарияланған кітап қазір қалың оқырманға жол тартып, сатылымға шықты.

Кітаптың алғысөзінде: «Ғылым мен технологияның дамуы ақпарат тарату мен тұтыну саласында көп өзгеріс жасап жатыр. Соның бірі – дүниежүзінде подкаст саласының дамып, танымал болуы. Осы шағын зерттеуімізде Қазақстандағы подкаст тыңдау мәдениетінің қалыптасуы, түрлі тақырыптағы подкастар мен подкастерлердің көбеюі, подкаст форматтар, тыңдаушылар қызығатын тақырыптар, жалпы бұл саланың болашағы қандай деген сұрақтар қамтылған» делінеді. Иә, кітаптың мазмұнын қарап отырсақ, подкаст ұғымынан бастап, оның форматтары мен тақырыптары, еліміздегі алғашқы подкастерлер мен олардың ерекшелігі, подкастиң ландшафты сараланып, сауалнамалар мен жеке кейстер талданады. Соңында подкаст жасаймын деушілерге арналған планер ұсынылады. Тәжірибеге жеткілікті түрде қаныққан, подкаст нарығынан жақсы хабардар кітап авторлары теорияны беруде де шеберлік танытыпты.

Кітаптың тарихы мен идеяның өзі туралы автор Әйнел Әмірхан былай дейді:

«Подкаст туралы кітап жазу идеясы әріптестерім Бахытгүл, Белла, Талшынмен OY-DETOX подкасының кезекті эпизодын жазып болып, шай ішіп отырғанда туғаны есімде. Қашықтан Шотландия университетінде оқып, магистрлік жұмысымды аяқтап отырған сәтім еді. Көлемді материал жазу, қандай да бір зерттеу жүргізу ерекше ұнап, соның буымен қыздарға «Неге бірлесіп кітап жазбасқа?» деген ойымды жайып салдым. Әріптестерім қолдай кетті.

Ағылшын тілін жетілдіру мақсатында ағылшынша сөйлейтін маман іздеп жүріп, Дэвид Онилмен танысып, дәріс ала бастадым. Тыңдау машығыңды жақсарту үшін подкаст тыңда деген тапсырма берді. Осылай жолда келе жатып подкаст тыңдау әдетіме айналды. Кейіннен бұл өзінше үлкен әлем екенін түсіндім, қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін подкастерлерді таныдым, отандық подкастерлермен таныстым. Өз басым подкаст саласына тыңдарман ретінде келдім. Ал подкаст жасаудағы мақсатым – өзіме қызық, маңызды тақырыптар аясында тәуелсіз, балама көзқарас ұстанатын сарапшылармен, замандастарыммен әңгімелесу, көкейімдегі сұрақтарға жауап табу болды».

Ал автор Бақытгүл Салыхова:

«Қазақстандағы подкастиң ландшафты деген бөлімді ойластыру және жазу барысында біз өзімізге көп сұрақ қойып, жауабын таппай қиналдық. «Қазақстанда подкаст нарығы бар ма, ол қалай дамып жатыр, оған не әсер етеді, неге басқа елдердегідей тез дамып кетпеді, әр қадамымыз неге көп күш-жігерді талап етеді, тыңдарман мәдениеті қандай деңгейде, аудиоформаттағы өнімдер неге танымал болмай жатыр» деген сұрақтар алдымыздан шыға берді. Сұрақтардың біразының жауабын әлі де таппадық. Бұл сұрақтар уақыт өте келе алдымыздан шыға беретінін де түсініп отырмыз. Оның бірден-бір себебі – еліміздегі подкаст нарығының қалыптаспауы, бизнестің бұл салаға ақша салмауы. Әзірге подкаст – жекелеген қызығушылығы жоғары мамандардың күш-жігерімен ғана дамып, жетіліп келе жатқан сала. Осы бағытта қандай маманмен сөйлессек те, пікірін сұрасақ та, түрлі пікір, ой айтылды, күмән да, үміт те көп болды. Әрине, біз подкастерлердің бәрін қамти алмадық. Сауалнамаға қатысқан мамандардың ойын жинақтап, қорытып бердік. Біз бәрін зерттедік, қамтыдық, классификацияладық деуден аулақпыз. Бұл алғашқы қадамымыз», – дейді.

Кітаптың жазылуы мен мақсатынан бөлек, оның баспадан шығуында да көп мән-мағына жатыр. Кітап басылып шыққан Alqa Publishing контент үйінің бас редакторы Баян Хасанова: «Біздің контент үйіміз негізінен қазақ қыздарының, әйел қаламгерлердің шығармашылығын қолдауға арналған. Біз Бану Дәулетбаева екеуміз баспаны бірге құрған кезде ұрпақ тәрбиесі негізінен әйел мойнындағы міндет есепті, ұрпақты тәрбиелейтін ана, әйел болғандықтан оларды рухани тұрғыдан, моральдік тұрғыдан қолдау керек, барлық жағынан ақпаратты беру керек деген ойда болдық, алдымызға осындай мақсат қойдық» дегені есімізде. Ал «Alqa» баспасының жетекшісі Бану Дәулетбаева: «Кітап басылып шықпай тұрып, бір оқып шығамыз ғой. Сол кезде оқып отырып көптен қызықты ақпараттарға қанық болдым. Расымен-ақ, бұл кітапты подкаст саласына енді келіп жатқан жастарға таптырмас мүмкіндік болады деп айта аламын. Бізге отандық контекстке, қандай да бір сала туралы зерттеуге негізделген жергілікті авторлардың жұмыстарына назар салу керек. «Alqa» баспасы зерттеуші, жазушы әйелдерге басымдық беретіндіктен, осы кітапты үлкен ықыласпен басып шығарды» деген еді.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: