Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:13, 09 Ақпан 2024

Президенттік билік тұрғанда, премьер ештеңені шешпейді

Сайын Борбасов
Фото:

Үкімет ауысады деген кезде халықта елеңдеу, қандай да бір жаңашылдық күту, үміттену, өзгеріске ұмтылу деген болады. Әрине, президент осы жолы үкіметті таратқан кезде сондай бір у-шу, аласапыран байқала қоймады. Дейтұрғанмен, елдің жаңалыққа құлағы түрулі тұрды. Әсіресе зиялы қауым өкілдері «үкімет ауысады, кім, қалай болар екен» деген сұрақты көп көтерді.

Негізі, кейінгі жылдары біздің қоғам дағдарыстан шыға алмай келеді. Әрі экономикалық блокқа, материалдық әл-ауқатқа үкімет жауап береді деген Н.Назарбаевтың кезінен қалыптасып қалған стереотип бар. Сол үміттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Бірақ ұмытпау керек, түптің-түбінде бәріне президент жауап береді. Өйткені президенттік билік кете қойған жоқ. Үкімет те, парламент те сол жақтың стратегиясына тікелей бағынады. Осы нәрсе жойылмайынша, үкімет өз қалпына келмейді.

Сондықтан да болар, өз басым үкімет тарады дегенде аса ойланып-толғана қоймадым. Шынын айту керек, экс-премьер Ә.Смайылов дұрыс жұмыс істемеді. Тісі батпады ма, басқа болды ма, әйтеуір айтарлықтай реформаларға барған жоқ. О.Бектенов жас адам ғой, батылы жетіп, үлкен реформалар жасайды деп сенейік. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой, үмітіміз де жоқ емес. Қалай қарасақ та, оны өзгеріс жасайды деп әкеліп отыр ғой. Мәселен, қазір біздің Ұлттық қорда 61 млрд доллар бар. Егер де премьер-министр шетелге шыққан қаржыны қайтару комиссиясының жетекшісі ретінде тым құрыса 80-90 млрд көлеміндегі қаржыны елге қайтарса, оның өзі үлкен іс болар еді. Бұл дегеніміз – елдің бір жылдық бюджеті. Соның өзі көптеген әлеуметтік мәселелерді шеше алады. Жоқ дегенде – мектеп, балабақша, ауруханалар салуға жетеді ғой.

Премьер-министрді тағайындаудың көп жолы бар. Бірақ бұл жолы да сол ескі сүрлеу бойынша партия ұсынды, премьер сайланды. Ал шын мәнінде бізде партиялар арасындағы бәсекелестік деген мүлде жоқ. Бәрімізге белгілі, «Аманат» – биліктің партиясы. Аз-маз бет-бейнесін өзгерткенімен, түпкі мазмұны бәз-баяғы қалпында қалып қойды. Сол жаттанды «Нұр Отанның» дәстүрлі жолымен келе жатыр. Саяси жүйеде түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Егер ол түбегейлі өзгерсе, толыққанды заң үстемдігі, толыққанды атқарушы билік, толыққанды сот билігі болар еді. Соңғы уақытта 1-2 млрд елге қайтты деп айтылып жүр. Мұның өзі жаман бастама емес. Енді ары қарай да жалғасып, шетелдегі қаржының қалған бөлігі де қайтарылады деп үміттенеміз. Бектенов сырттағы қаржыға шамасы келгенімен, ішкі қаржыға әлеуеті, мұндай қызметке тәжірибесі мен қуаты жетпеуі мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр. Бірақ ол президенттік аппаратты басқарды, ситуацияның бәріне қанық. Жаңа қызметін алып кетеді деп ойлаймын. Әлбетте, бірден дөңгелетіп, керемет игеріп кетеді деуге де ауыз бармайды.

Назарбаевтық биліктің сақталып қалуының тағы бір көрінісі – 4 министрдің ауысып, қалғандарының өз орындарында қалуы. Министрлердің тым құрыса 50 пайызы ауысуы керек еді. Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика, Төтенше жағдайлар министрі ауысты, қалғандары қалды. Саяси жүйе де, атқарушы билік те өзгерген жоқ деп есептеуге болады.

Сайын Борбасов, саясаттанушы