Прокурор марқұм Салтанат Нүкенованың Бишімбаевқа жазған хабарламасын оқыды
Бүгін Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның бауыры Бақытжан Байжановқа қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Қазіргі сот процесінде – сотталушы Бишімбаевтан жауап алу және заттай айғақтармен, атап айтқанда мейрамхананың, көшелердің бейнебақылау камераларының бейнежазбалары мен Салтанат Нүкенованың телефонын тексеру жұмыстары жасалып жатыр.
Сот отырысында прокурор Айжан Аймағанова марқұм Салтанат Нүкенованың Бишімбаевқа жазған смс хатын оқыды.
Мен Павлодарға кетіп бара жатырмын. Енді келмеймін. Біздің арамызда еш сезім жоқтығына көзім жетті. Ештеңені сақтап қалғым келмейді. Сен көзіме шөп салғаның үшін кешірім де сұраған жоқсың. Ол үшін ештеңе істегің де келмеді. Бәріне мені кінәлап, психотерапевтке бар дедің. Соқырлығың сонша, оныңды көтере алар емеспін. Кешір мені, ұмыт, босат. Бәріне нүкте қойдым. Ата-анаммен болам, олар маған қарайды, – деп жазған Салтанат.
Одан соң, Бишімбаевтың адвокаттары банк шотынан үзінді көшірмені тексеруді сұрады. Судья Айжан Құлбаева бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес екенін, өйткені пароль қажет болатынын атап өтті. Қорғаушы кездейсоқ сандар арқылы құпия сөз таңдауды талап етті. Бірнеше әрекеттен кейін банк қосымшасына кіре алмағанын айтты.
Сот отырысы барысында судья алқабилерге эмоцияларын іште сақтауды ескертті. Содан кейін алқабилер судьяға банктік қолданбадағы хабарламаларды құпия сөзсіз көруге болатыны туралы жазба берді. Прокурор кеңесті орындады, бірақ арызда хабарламалар болған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, алқабилердің жеке басын жария етуге тыйым салынады. Қауіпсіздігі үшін суретке түсіруге, фотосуреттерін желіде жариялауға немесе олардың атын атауға болмайды.
Фото: ҚР Жоғарғы сот