Прокурор Жанабылов пен Төлегеноваға 4 жыл жаза сұрады
Прокурор Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Айыптаушы олардың жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеуді және мүлкін тәркілеуді ұсынды. Ал Төлегеноваға қатысты бір жылға жазаны кейінге қалдыруды қолдану мәселесін көтерді.
Айыпталушылар өз кінәларын ішінара ғана мойындады – тек заңсыз кәсіпкерлік бабы бойынша. Төлегенованың айтуынша, олар бұл бап бойынша кінәні әкімшілік іс жүргізу кезеңінде-ақ мойындауға дайын болған. Алайда істің қылмыстық бапқа ауыстырылуынан қауіптеніп, мұндай қадамға бармаған.
Ал қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру айыбын олар үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
Еске салайық, блогер жұпқа ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз кәсіпкерлік» және «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (ақшаны жылыстату)» баптары бойынша айып тағылған.
Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, блогерлер Zhana Business компаниясы арқылы азаматтардан 247,5 миллион теңге қаражат алған.
Қазіргі таңда:
-
айыпталушылар үйқамақта отыр;
-
блогерлердің мүлкіне тыйым салынған — тізімде 10 люкс автокөлік (оның ішінде Lamborghini Urus және Lexus LX 600) және 17 жаңа iPhone бар;
-
бұған дейін прокурор 1 миллиард теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін айтқан, алайда кейін сот есептеулердегі қателікке байланысты оған ескерту жасаған.
Жәбірленушілердің уәжі
Бұған дейін жәбірленушілердің бірі сотта Жанабыловтардың курсын сатып алғаннан кейін оқыту платформасына қол жеткізе алмай қалғанын мәлімдеген.