Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:30

Путин Әзербайжан президенті Әлиевтен ұшақ апаты үшін кешірім сұрады

1
Фото: depositphotos.com/rebius

Ресей президенті Әзербайжан ұшағының апатына байланысты Әлиевтен кешірім сұрады.

Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен Ақтау маңында AZAL әуе компаниясының апатқа ұшырауын талқылады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

«Әңгімелесу барысында 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласының маңында Әзербайжан әуе жолдары жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды», - делінген хабарламада.

Екеуара әңгімеде пилотсыз ұшақтардың шабуылы мен ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің жұмысы кезінде Әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақшы болғаны айтылған.

«Путин Әлиевтен Әзербайжан ұшағының апатына байланысты кешірім сұрады. Ресей президенті ұшақ апатында қаза болғандардың отбасы мүшелеріне тағы да көңіл айтты», - делінген хабарламада.

Хабарда айтылғандай, Ресейдің Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 263-бабы (Әуе қозғалысы қауіпсіздігі және әуе көлігін пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр. Әзербайжан бас прокуратурасының екі қызметкері қазір Грозныйда жүр, олар Ресей Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. 

Әербайжан президентінің баспасөз қызметі бұл туралы әзірге ақпарат берген жоқ.

Айта кетейік, Ақтаудағы Әзербайжан жолаушылар ұшағында 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болған. Оның 38-і қаза болып, 29-ы тірі қалды. Қазақстанның 6 азаматы да көз жұмды.

26 желтоқсанда Әзербайжан ұшағының құлауына ресейлік «жер-әуе» зымыраны себеп болғанын Euronews хабарлады.

Басылым сұхбаттастарының айтуынша, Әзербайжанның Баку қаласынан Ресейдің Грозный қаласына ұшып бара жатқан ұшақ діттеген жеріне таяп қалғанда зымыран атылған. Осы кезде Грозныйда «дрондардың ауадағы белсенділігі» байқалған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, бортты зақымдаған.

Әзірге бұл туралы Қазақстан ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Болжам бойынша ұшақтың құлауына әуе кемесінің құстармен соғысу және борттағы оттегі баллонының жарылу себеп болған.

Тегтер: