Путин Украинаға "халықаралық басқару" енгізуді ұсынды

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға "халықаралық басқару" енгізуді талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, бұл елде демократиялық сайлау өткізуге және кейіннен бейбіт келісім жөнінде келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы ол атомдық суасты қайығы "Архангельск" экипажымен кездесу барысында мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, уақытша басқару БҰҰ, АҚШ, Еуропа елдері және Ресейдің қатысуымен құрылуы мүмкін.
"Украинада демократиялық сайлау өткізу, халықтың сеніміне ие, дұрыс үкімет құру және осы үкіметпен заңды түрде мойындалатын келісімдерге қол қою – бұл маңызды қадам", – деді Ресей президенті.
Путин бұл ұсыныстың әлемдік тәжірибеде бұрын да болғанын алға тартты. Оның айтуынша, бұған дейін БҰҰ-ның қатысуымен осындай уақытша басқару жүйесі Шығыс Тимор, Папуа-Жаңа Гвинея және бұрынғы Югославияның кейбір аймақтарында енгізілген.
Ресей президенті Владимир Зеленскийді легитимді емес деп санайтынын тағы да қайталады. Ол 2024 жылы Украинада президент сайлауы мерзімінде өтпегенін еске салып, қазіргі үкіметтің заңдылығына күмән келтірді. Алайда Украина заңнамасына сәйкес, әскери жағдай кезінде сайлау өткізуге тыйым салынған.
АҚШ-тың ұстанымы
Путиннің бұл ұсынысына АҚШ ресми түрде жауап берді. Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Украинадағы билік пен басқару мәселелері тек елдің конституциясына және оның халқына ғана байланысты екенін атап өтті. Украина тарапы бұл ұсынысқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.