Әлеумет

Қамауда отырған белсенді Марат Тұрымбетов гемодиализден бас тартты

Қамауда отырған белсенді Марат Тұрымбетов гемодиализден бас тартты

Марат Тұрымбетов

Алматыда қамауда отырған азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов қамауда ұстау жағдайына наразылық ретінде өміріне аса қажетті гемодиализ емшарасынан бас тартты. 

Бұл туралы оның адвокаты Айнара Айдарханова Facebook парақшасында мәлімдеді.

"Бүгін таңертең Мараттың өмірлік маңызы бар диализ емшарасынан бас тартқаны белгілі болды. Онсыз ол қайтыс болуы мүмкін", – деп жазды адвокат.

Қорғаушы белсендінің жазбаша мәлімдемесін де жариялады. Онда Тұрымбетов бүйректің созылмалы ауруының соңғы сатысына шалдыққанын және I топтағы мүгедектігі бар екенін көрсеткен. Ол 5 қыркүйектен бері заңсыз қамауда отырғанын айтып, ұстау жағдайына наразылық білдірген.

"Заңсыз қамауда ұстаумен келіспейтіндіктен, наразылық ретінде гемодиализ емшарасынан әрі қарай бас тартамын", – делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, 4 қыркүйекте Марат Тұрымбетовтің үйінде тінту жүргізілген. Кейін Бас прокуратура оған және басқа да азаматтарға қатысты бірқатар қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен тергеу жүріп жатқанын растады. Алайда нақты қандай баптар бойынша іс қозғалғанын түсіндірмеді.

17 қыркүйекте Алматы қалалық соты белсендіні қамауда ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қазан айының соңында қамау мерзімі тағы ұзартылды.

Адвокаттың айтуынша, сотқа Тұрымбетовтің денсаулығы мен мүгедектігін растайтын барлық медициналық құжат ұсынылған. Соған қарамастан сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, оны қамауда қалдырған.

Марат Тұрымбетов – тіркелмеген "Біздің құқық" партиясын құру бастамасын көтерген азаматтық белсенділердің бірі. Ол бұған дейін де қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты белсенді ұстанымымен танылған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз