Қасына туған-туысын жинайтын әкім емеспін
Түркістан облысынан оншақты адам «президенттің кадр резервіне» ұсынылған.Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өткен баспасөз-конференциясында айтты.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев алдымен халыққа есеп беріп, кейіннен қойылған сұрақтарға жауап берді. «Әкімде команда болу керек. Бірақ, кәсіби команда болу керек. Мен өз басым жаныма туысқандарын жинайтын әкімдердің қатарына жатпаймын. Бұны тексерсеңіздер де болады. Қай жерде болмасын білікті мамандарды жинауға тырысамын», — деген Өмірзақ Шөкеев президент кадр резерві мәселесін де шешіп қойғанын айтты.«Президенттің кадр резервіне Түркістан облысынан оншақты адам ұсынылып қойды. Қазір Ақорданың қарауында жатыр. Әлі нақтыланбағандықтан ол туралы толық айту әлі ерте деп ойлаймын», — деді Өмірзақ Шөкеев.Айта кетейік, жақында президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ экс-президент Назарбаевтың жастар саясатын жалғастыратынын, өзінің кадлық резервіне жастарды көптеп тартатынын мәлімдеген еді.Жиында әкім Түркістан облысының ел тарихындағы ролі туралы да айтты. Және «Ең бастысы, Түркістан қаласы — елбасының жобасы екенін ұмытпауымыз керек» деп қалды.
Сонымен қатар, облыс әкімі БАҚ өкілдері жиналған жиында алдағы уақытта «Түркістан» телеаранасының тұсауы кесілуі мүмкін екенін де айтты.
Фото: turkystan.kz