Қайрат Сатыбалдының бұрынғы қонақүйі үш есе қымбатқа сатылымға қойылды
Алматыда Қайрат Сатыбалды мемлекетке өткізген DoubleTree by Hilton қонақүйі үшінші рет аукционға шығарылды.
Бұған дейін екі рет сатылмаған нысанның бастапқы бағасы енді үш есе өсіп, 38,3 миллиард теңгеге жетті.
Электронды сауда порталы e-Qazyna.kz мәліметінше, Алматының Досмұхамедов көшесінде орналасқан 11 қабатты қонақүйдің жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта қонақ бөлмелері, бассейн, SPA аймағы, фитнес орталығы, мейрамханалар мен конференц-залдар бар.
Қонақүй бұған дейін екі рет аукционға шығарылған. Алғашқы сауда 25 қыркүйекте өтіп, бастапқы бағасы 12,7 миллиард теңге болған. Алайда қатысуға өтінім түспегендіктен, аукцион өтпеді деп танылды.
13 қазанда ұйымдастырылған екінші саудада да қонақүйге сатып алушы табылмады.
Енді нысанның бастапқы бағасы 38 278 230 000 теңгеге көтерілді. Кезекті аукцион 29 қазанда сағат 10:00-де өтеді. Бұл жолы сауда бағаны төмендету әдісімен ұйымдастырылады. Аукционға бір ғана қатысушы тіркелсе де, нысанды сатуға рұқсат етіледі.
Бір қызығы, тәуелсіз бағалаушылар қонақүйдің нарықтық құнын 12,76 миллиард теңге деп бағалаған.
Қонақүй мемлекет меншігіне қалай өтті?
DoubleTree by Hilton қонақүйі 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалды мен Алматы қаласының мемлекеттік мүлік департаменті арасында жасалған сыйға тарту шарты негізінде мемлекет меншігіне өткен.
Бұған дейін, 2022 жылы Қайрат Сатыбалды "Қазақтелеком" компаниясына 12 миллиард теңгеден астам шығын келтіруге және "Көліктік сервис орталығы" АҚ мүлкін жымқыруға қатысты істер бойынша алты жылға сотталған.
Кейін мемлекетке келтірілген залалды өтеу аясында оның бірқатар активі қайтарылды. Солардың қатарында DoubleTree by Hilton қонақүйі де бар.
Айта кетейік, 2023 жылы мемлекетке берілген кезде қонақүйдің құны 6,49 миллиард теңге деп бағаланған.