Саясат

Қазақ билігі Александр Невскийдің 800 жылдығын тойламақшы ма?

2021 жылы Алматыда жаңадан салынған Александр-Невский шіркеуінің алдында орыс князі Александр Невскийге ескерткіш ашу жоспарланып отыр екен.

Қазақ билігі Александр Невскийдің 800 жылдығын тойламақшы  ма?

  «Рухани жаңғыру» аясында Ақтоты Райымқұлова басқаратын мәдениет және спорт министрлігі ұлы князьдің туғанына 800 жыл толуына орай, осындай сыйлық жасағалы отыр. Бұл жаңалық өткен аптада министр Райымқұлованың Астанайский және Казахстанский деген митрополит Александрмен өткізген кездесуінен кейін белгілі болып қалды. Бірақ бұл туралы хабарлама министрліктің ресми сайтына шықпады. «Кездесудің қатысушылары Александр Невскийдің ескерткішін жасатып, оны 2021 жылы Алматыда жаңадан салынған Александр-Невский храмының алдына орнату мәселесін қарастырды. Архипастырьдің сөзінше, қазір ең мықты деген суретшілер тобы Ұлы далада атқа мінген данагөй билеуші, князь Невский ескерткішінің эскиздік жобасын әзірлеуде», – делінеді Қазақстан Республикасындағы митрополиттік округтің ресми сайты таратқан хабарламада.

  Министрмен болған кездесуде сондай-ақ ұлы князьдің туғанына 800 жыл толуына байланысты Қазақстанда мерекелік шаралар өткізу жайы талқыланған екен. «Митрополит Александр атап өткендей, киелі Александр Невский есімімен байланысты айтулы мерейтой Қазақстан үшін өте маңызды. Александр Невскийдің сарабдал саясаты, көреген шешімдері мен дипломатиялық ерен еңбегі еуразиялық кеңістікте ұлтаралық және дінаралық келісім мен бейбітшіліктің бірегей  моделін қалыптастырғаны атап өтілді», – делінген тұсы да бар әлгі хабарламада.

Сонымен, келесі жылы министр мен әлгі митрополит Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Александр Невскийдің 800 жылдығын тойлау аясында Қазақстанда ескерткіш пен мерекелік шарадан бөлек, православиелік өнер туындылары мен көркемөнер көрмелерін ұйымдастыру туралы уағдаласыпты.

 2017 жылдың қыркүйегінде Алматыда митрополит Александр ұсынған идеямен князь Александр Невскийдің киесіне арналған шіркеу құрылысы басталған болатын.

Князь Александр Ярославович Невский (1221-1263) – әр жылдары Новгород князі, Киев князі, кейінірек Ұлы Владимир князі деген титулды арқалаған қолбасшы. Сонымен бірге саясаткер және дипломат ретінде танылған. Көзі тірісінде Алтын Ордада православиелік епархияның құрылуына ықпал еткен.

Тегтер: Без Тега
Әділ Кемеңгер
Әділ Кемеңгер Әділ Кемеңгер

Оқыңыз