Қазақстан Ресейдің сұрауымен ұсталған Украина азаматын босатты
Қазақстан Ресейдің сұрауымен ұсталған Украина азаматын босатты
1 қазанда Ресейдің сұрауы бойынша Астана әуежайында ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская бостандыққа шығып, Қазақстаннан кетіп қалған.
Бұл туралы басылымға оның адвокаты Алексей Прянишников мәлімдеген. Заңгердің айтуынша, Рожанская 4 қазанда ұстау мерзімі аяқталғаннан кейін босатылған. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Бостандыққа шыққан әйел бірнеше күн Украина елшілігінің аумағында болып, кейін Қазақстаннан ұшып кеткен.
"Ұстау мерзімі аяқталды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмағандықтан, уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Ол Қазақстаннан кетті. Қазақстан тарапы бәрін заңға сәйкес жасады", – деді адвокат.
Любовь Рожанская 1 қазанда Ыстанбұл арқылы Астанаға ұшып келген кезде ұсталған болатын. "Вот Так" басылымының мәліметінше, ол Ресейдегі туыстары алып келуге тиіс немересін алып кету үшін Қазақстанға келген.
Ресей билігі әйелді немересін "ұрлауға әрекет жасады" деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс аясында экстрадициялауды талап еткен.
Басылым дерегінше, бала 2018 жылы дүниеге келген. Ол 2021 жылға дейін анасы Алла Андреевамен бірге Одессада тұрған. Кейін анасы оны Ресейдің Калининград облысына алып кеткен. 2022 жылы анасы мен баласы Ресей азаматтығын алған.
Ал баланың әкесі, Украина Қарулы күштерінің әскери қызметкері әрі Рожанскаяның ұлы Украинада қалып, баласын қайтаруға тырысқан. 2025 жылдың наурызында Украинаның Жоғарғы соты баланың тұрғылықты жері Одесса болуы тиіс деген шешім шығарған.
"Вот Так" басылымының жазуынша, 2026 жылдың жазында баланың анасының туыстары Рожанскаямен өздері байланысып, баланы әкесі мен әжесіне беруге ұсыныс жасаған. Кездесу бірнеше рет кейінге шегерілген. Ақырында бала Астанаға жеткізілмеген.
Рожанскаяның адвокаты әйелді ұстау оқиғасы Ресей арнайы қызметтері алдын ала жоспарлаған операция болуы мүмкін деп есептейді. Алайда бұл болжам ресми түрде расталған жоқ.