Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың теңге: Аймағамбетов дәрі бағасына наразылық білдірді
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда кейбір дәрілік препараттардың қолжетімсіздігі мен бағасының қымбаттығын сынға алды.
Оның айтуынша, шетелде кеңінен қолданылатын дәрінің құны Қазақстанда 12 есеге дейін жоғары болуы мүмкін.
Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жеке қабылдауына келген азаматтың мәселесін баяндады. Науқасқа дәрігер Helicobacter pylori инфекциясын емдеу үшін вонопразан препаратын тағайындаған. 14 күндік емдеу курсына 20 миллиграмдық 28 таблетка қажет болған. Алайда науқас бұл дәріні Қазақстанның кәдімгі дәріханаларынан таба алмаған.
Аймағамбетовтің мәліметінше, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұрады. Ал Малайзияда осы дәрінің 30 таблеткадан тұратын қорабы 27–30 мың теңгеге сатылады.
Қазақстанда жағдай басқаша. Депутаттың айтуынша, препаратты тек арнайы тапсырыспен алуға болады. Оның өзінде 100 таблеткадан тұратын қорап 463 мың теңгеге немесе одан да жоғары бағаға ұсынылады.
"Науқас не тағайындалған емнен бас тартуға, не өзіне қажет мөлшерден төрт есеге жуық көп таблетка сатып алып, жүздеген мың теңге төлеуге мәжбүр. Оның үстіне Қазақстанда бір таблетканың бағасы Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары", – деді депутат.
Аймағамбетов биыл Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдетуге бағытталған заң қабылданғанын еске салды. Жаңа тәртіп бойынша АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) секілді халықаралық реттеушілер мақұлдаған препараттарды тіркеу рәсімі жеделдетілген. Өзге дәрілер үшін де тіркеу мерзімі қысқартылып, "бір терезе" қағидаты енгізілген.
Алайда депутат заң қабылданғанымен, мәселе толық шешілмегенін айтты.
"Бұл жағдай заң қабылдаудың өзі жеткіліксіз екенін тағы бір көрсетті. Егер заманауи дәрілер әлі күнге дейін дәріханаларда болмаса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе артық ақша төлеуге мәжбүр болса, демек, жаңа механизм әзірге тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр", – деді Аймағамбетов.
Оның пікірінше, мәселе тек дәрілерді тіркеумен шектелмейді. Қазақстан нарығында жоқ, бірақ науқастарға қажетті препараттарды анықтап, өндірушілермен тікелей жұмыс істеу және жеткізу тәртібін жеңілдету қажет.
Депутат бұл мәселені тиісті комитет отырысында және Құрылтайда көтеретінін мәлімдеді.
"Заң қабылданды. Енді оның жұмыс істеуіне қол жеткізуіміз керек. Басты нәтиже – қағаз жүзінде қысқарған мерзім емес, науқасқа қажетті дәрінің дәріханада қолжетімді бағамен сатылуы", – деді ол.
Айта кетейік, депутат келтірген 463 мың теңге – препаратты арнайы тапсырыспен жеткізуге ұсынылған бағалардың бірі. Бұл дәрінің Қазақстандағы бірыңғай ресми бағасы екені анықталған жоқ.