Live

Қазақстанда ғылымға бөлінген 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары анықталды

Қазақстанда ғылымға бөлінген 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары анықталды

ғылым

Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыру барысында 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары анықталды. Бұдан бөлек, 47 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жоспарлау мен пайдаланудың тиімсіздігі белгілі болды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) мәлімдеді.

11 қарашада Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы мемлекеттік қаражат пен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялады.

Тексеру нәтижесінде ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру, іске асыру және олардың нәтижелерін өндіріске енгізу жүйесінде бірқатар заңбұзушылық пен кемшілік анықталған.

Ғылымға бөлінетін қаржы екі еседен астам өскен

Аудиторлардың мәліметінше, 2022-2025 жылдары Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары басталған.

Алайда қаржыландыру көлемінің өсуіне қарамастан, ғылымның ел экономикасындағы үлесі әлі де төмен.

Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16 пайызын құрайды. Ал белгіленген мақсатты көрсеткіш – 1 пайыз.

Ғылымды қаржыландырудағы мемлекеттің үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін өскен. Аудиторлар мұны бизнестің ғылыми әзірлемелерге сұранысы төмен екенінің және жеке сектордың зерттеулерді қаржыландыруға жеткілікті қатыспай отырғанының белгісі деп бағалайды.

67 млрд теңгенің ғылыми тапсырмасы орындалмаған

Аудит барысында ғылым саласын басқаруда жүйеліліктің жоқтығы да анықталған. 2021-2025 жылдары ғылымды дамытуға арналған төрт бағдарламалық құжат қабылданғанымен, олардың үшеуінің орындалуы мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Сонымен қатар бірқатар мақсатты көрсеткіш төмендетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығынның жоспарлы үлесі ЖІӨ-нің 2 пайызынан 0,5 пайызына, зерттеушілер санын арттыру көрсеткіші 50 пайыздан 7 пайызға, ал жеке сектордың бірлескен қаржыландыру үлесі 50 пайыздан 32 пайызға қысқартылған.

2025-2027 жылдарға арналған ғылыми зерттеулердің жеті басым бағыты мен 153 мамандандырылған бағыты бекітілген. Алайда аудиторлардың пікірінше, мұндай ауқымды тізім кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға мүмкіндік береді.

Ғылыми-техникалық тапсырмалар көбіне нақты нәтижесіз, оны бағалау өлшемдерінсіз және тәжірибеге енгізу тетіктерінсіз жасалған.

2023-2025 жылдары жалпы құны 67 млрд теңге болатын 149 ғылыми-техникалық тапсырма іске асырылмаған. Бұл – аталған кезеңдегі 393 тапсырманың бір бөлігі.

Ғылыми жобаларды таңдауда мүдделер қақтығысы анықталған

Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу кезінде де елеулі кемшіліктерге назар аударған. 2025 жылы ғылыми жобаларға арналған конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Ал құжаттарды ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына жолдау мерзімі 93 күнге дейін созылған.

Бұдан бөлек, 545 жоба бойынша қаржыландыруды шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөніндегі экономикалық сараптама ұсынымдары ескерілмеген.

Тексеру кезінде мүдделер қақтығысының тәуекелдері де анықталған.

Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 ғылыми жобаның зерттеу топтарына қатысқан. Олардың 27-сі ғылыми жобалардың жетекшісі болған.

Бұл жағдай ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыландыру шешімдерінің тәуелсіздігіне қатысты сұрақ туғызады.

16 млрд теңгенің жобалары көзделген нәтижеге жетпеген

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылымға бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға шығыстардың егжей-тегжейлі бөлінісінсіз 62 млрд теңге бағытталған.

Сонымен қатар жоба орындаушылары қорытынды бағалау жүргізілгенге дейін оның жалпы құнының 96-98 пайызын алып отырған.

Яғни ғылыми жобаның қорытынды есебі қабылданбаған жағдайда да бөлінген қаражаттың басым бөлігі орындаушылардың қолында қалады.

"Жалпы құны 16 млрд теңге болатын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жүргізген мониторинг ауытқуларды тіркегенімен, бұл тиісті шешімдердің қабылдануына әкелмеген", – деді Смайылов.

2025 жылы аталған орталық екі мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын тексеріп, 3 млрд теңгеден асатын заңбұзушылықтарды анықтаған.

Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәліметтерді назарға алумен ғана шектелген.

22 млрд теңгенің жобалары күткен нәтижені бермеген

Аудит ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жүйесіндегі проблемаларды да көрсетті.

Ғылым қорының мәліметінше, ғылыми жобаларды коммерцияландырудың ресми көрсеткіші 44 пайызды құрайды. Алайда есепті жыл бойынша салыстырмалы әдіспен есептегенде бұл көрсеткіш небәрі 16 пайыз болған.

Аяқталған 141 жобаның тек 38-і, яғни 27 пайызы соңғы үш жылда өнімдерін тұрақты сатуға қол жеткізген.

Ал қалған 103 жобаға бөлінген 22 млрд теңге күтілген өндірістік және коммерциялық нәтижелерді қамтамасыз етпеген.

Аудиторлар ғылыми зерттеулердің тиімділігі көбіне жарияланған мақалалар, алынған патенттер және енгізу актілерінің санымен бағаланатынын атап өтті.

Алайда мұндай көрсеткіштер ғылыми әзірлемелердің нақты экономикалық немесе технологиялық пайда әкелгенін білдірмейді.

Мәселен, аудитке іріктелген 60 патенттің ешқайсысы бойынша оларды пайдалану туралы келісімдер табылмаған.

Ғылымға арналған ақша депозиттерге салынған

Жоғары аудиторлық палата жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті түрде аударатын 1 пайыздық қаражатының пайдаланылуына да назар аударған.

Аудиторлардың бағалауынша, бұл тетік қолданбалы ғылымды қаржыландырудың толыққанды көзіне айналмаған.

Бұған міндеттемелердің орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болған.

Сонымен бірге ғылымға арналған қаражаттың бір бөлігі ғылыми айналымнан шығарылып, депозиттерге орналастырылған, бағалы қағаздарға инвестицияланған және РЕПО операцияларына пайдаланылған.

Үш дерек құқық қорғау органдарына жолданады

Аудит қорытындысы бойынша 36 дерекке қатысты материалдар кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданған.

Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.

Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы қаржыландыру жүйесін цифрландыруды, мемлекеттік қаражаттың қозғалысын толық есепке алуды және ғылыми жобалардың нәтижелерін тәжірибеге енгізуге дейін бақылауды күшейтуді ұсынды.

Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелген.

Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта бұл бағыттағы өзгерістердің орындалуын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз