Әлеумет

Қазақстандағы 1,6 млрд долларлық вольфрам жобасын АҚШ қаржыландырмауы мүмкін – Bloomberg

Қазақстандағы құны 1,6 миллиард доллар болатын ірі вольфрам өндіру жобасының болашағы белгісіз күйде қалып отыр.

алтын кен орны

 АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттары Cove Kaz Capital компаниясына несие беруді әзірге мақұлдауға дайын емес. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (EXIM) мен Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) жобаны қаржыландыруға қатысты күмән білдірген. Бұған жобаның коммерциялық тиімділігіне қатысты сұрақтар және Қазақстанның Ресей мен Қытайға көршілес орналасуынан туындайтын геосаяси қауіп себеп болған.

Бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі аталған жобаны қолдаған. Ол АҚШ-тың Қытайдан жеткізілетін вольфрамға тәуелділігін азайту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылған.

Вольфрам – америкалық өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар металл. Ол зымырандар мен артиллериялық снарядтар өндірісінде қолданылады.

Бастапқы жоспар бойынша EXIM жобаға 900 миллион доллар, ал DFC 700 миллион доллар бөлуі тиіс болған. Екі ұйым да бұған дейін жобаға қызығушылық білдіретін хаттар жолдаған. Алайда мұндай құжаттар қаржыландыруға алдын ала қызығушылықты ғана білдіреді және несие беруге міндеттемейді.

DFC өкілдері корпорация қазіргі уақытта бұл мәмілемен белсенді түрде айналыспайтынын хабарлаған. Жоба қаржыландыруды қараудың төрт кезеңінің алғашқы сатысында тұр.

Ал EXIM берген ниет білдіру хатының мерзімі тамыз айында аяқталған. Банк бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Cove Kaz Capital компаниясы хаттың мерзімін ұзартуға өтініш бергенін мәлімдеді.

Компания жобадан бас тартпайтынын айтады

Cove Kaz Capital директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаус америкалық шенеуніктер жобаны әлі де қолдайтынын жеткізген.

Оның айтуынша, компания қаржыландыру туралы ресми өтінімді түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін ғана береді. Бұл жұмысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Компания өкілдері сол уақытқа дейін қарыз қаражаты қажет емес екенін алға тартады.

Сонымен қатар Cove Kaz Capital америкалық қор биржасына Kaz Resources атауымен шығуға дайындалып жатыр.

Жақында компанияның Трамп отбасымен байланысы бар American Ventures құрылымынан 32 миллион доллар инвестиция тартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Аталған мәміле аясында компанияның құны 1,97 миллиард долларға бағаланған.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстаннан АҚШ-қа вольфрамды ұзақ мерзімді жеткізу 2031 жылы басталуы тиіс.

Трамптың ұлдары жобадан үлес алуы мүмкін

Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трамп жобадан әрқайсысы бір пайыздан аз үлес алуы мүмкін.

Трамп отбасының өкілдері оның ұлдары компанияны басқаруға қатыспайтынын мәлімдеген. Ал Cove Kaz Capital басшылығы олардың Қазақстандағы мәмілені жасауға ықпал еткенін жоққа шығарады.

Әзірге америкалық мемлекеттік қаржы институттарының жобаға 1,6 миллиард доллар бөлетіні жөнінде түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз