Қазақстанға жаңа әскери ойлау доктринасы қажет
Әлемнің бүгінгі ахуалына қарасақ, бір нәрсені анық байқауға болады.
Соғыстың енді алыстағы майданда ғана жүрмейтіндігі және ол шекарадан жүздеген, мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан мемлекеттердің экономикасына, энергетикасына, ақпараттық кеңістігіне, көлік дәліздеріне және қоғамдық тұрақтылығына бір мезетте әсер ете алатын қауқарға ие. Аяқталуын ешкім болжап біле алмайтын Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыс шекарасының ұлғайып, жаңа географиялық аймақтарға таралуы, Еуразия төсінде орналасқан басқа да мемлекеттер арасындағы қырғиқабақ өшпенділікке ұласу қаупі артуда. Мәселен, қыркүйектің ортасында Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мұнай тасымалына да әсер етіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз қозғалысын күрт төмендетті. Халықаралық қатынастарда шиеленіспен бірге сезімталдық та артып барады.
Украинадағы қақтығыс соғыстың технологиялық табиғатын түбегейлі өзгертті. Дрондар бұрын барлау үшін қолданылса, қазір жаппай соққы беретін, бақылау жасайтын, логистиканы қамтамасыз ететін негізгі құралдардың біріне айналды. Енді ұшқышсыз жерүсті роботтары да майданға белсенді енгізілуде. Reuters-тің қыркүйектегі талдауында Украина армиясының мұндай роботтарды қауіпті учаскелерде қолдануды кеңейтіп жатқаны айтылады.
Мұның бәрі Қазақстан болашақ соғыс тәсілдерінің қалай болатынын бақылап қана қоя ма, әлде оның қалай өзгеріп жатқанын қазірден зерттеп, өз қорғаныс жүйесін алдын ала жаңартатын елге айнала ма деген сұрақты күн тәртібіне шығарады. Меніңше, осы жерде әскери концепцияны қайта қарауға байланысты тарихи таңдау жасалуы керек.
Қазақстанның 2017 жылы бекітілген қолданыстағы әскери доктринасына 2022 жылы өзгерістер енгізілді. Оның негізгі қағидаларының бірі – әскери емес құралдардың мүмкіндіктері таусылған кезде ғана әскери күш қолдану. Бұл Қазақстанның бейбітшілікке, дипломатияға және әскери жанжалдарды болдырмауға бағытталған сыртқы саяси ұстанымымен үйлеседі. Бірақ әскери доктринаның қорғаныстық сипаты ойлау жүйесінің пассивті болуы керек дегенді білдірмейді. Керісінше, қазіргі жағдайда Қазақстанға қорғанысты жаңа деңгейде түсіндіретін, қауіптің алдын алуға, стратегиялық тежеуге, технологиялық басымдыққа және мемлекеттің соғыс жағдайындағы өміршеңдігіне негізделген жаңа әскери-саяси көзқарас қажет.
Тарих – тағлым алмағандар үшін қайталанады. Тарихтағы белгілі бір заңдылықтар мен циклдік үрдістерді елемеуге болмайды. Ұрпақтар теориясы мен тарихи циклдер туралы тұжырымдамалар қоғамның белгілі бір кезеңдерде дағдарыс, қайта құру және қақтығыс кезеңдеріне келетінін айтады. Мұны "әр ғасырдың алғашқы ширегінде міндетті түрде соғыс болады" деген математикалық заңдылық ретінде қабылдауға келмейді. Десе де, әлем тарихына көз салсақ, жаңа тарихи дәуірлердің алғашқы бірінші және екінші ширегі халықаралық тәртіптің қайта құрылуымен, ірі қақтығыстармен және геосаяси өзгерістермен қатар жүріп отырғанын көреміз.
Қазақ тарихында да XVIII–XX ғасырлар ауыр жағдайда өтті. Жоңғар шапқыншылығы, "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" аталған ұлттық қасірет, кейінгі Сырым Датұлы бастаған қозғалыс, Исатай мен Махамбет көтерілісі, Кенесары Қасымұлы бастаған Ұлт-азаттық күрес, қазақ зиялыларының репрессиясы, ашаршылық және басқа да ел тағдыры таразыға түскен кезеңдердің тарихи себептері әртүрлі болғанымен, олардың барлығынан бір үлкен түйін түюге болады. Әр жаңа ғасырдың "басы ащы, аяғы тәтті" болады.
Саяси және әскери орта өзгерген кезде бұрынғы құралдармен өмір сүру қауіпті. Қазақ даласының әскери жүйесі ғасырлар бойы атты әскерге, қылышқа, садаққа, найзаға және жауынгердің жеке шеберлігіне сүйенді. Сөзсіз, бұл жүйе өз дәуірінде қуатты болды. Бірақ атыс қаруы, артиллерия, тұрақты армия және кейін индустриялық әскери технологиялар дәуірі келгенде бұрынғы әскери артықшылықтардың тарихи маңызы азая түсті.
Бұл жерде мәселе қазақтың жауынгерлік рухының әлсіздігінде емес еді. Мәселе – әскери технологиялық парадигманың өзгеруінде. Ал технологиялық өзгерісті уақытында түсініп, соған сәйкес әскери жүйесін жаңарта алмаған қоғамның тарихи мүмкіндігі де тарылды. Қазақ халқының отарланған елге айналу себебінің бір ұшы осында жатыр. Ал Абылай хан дәуіріндегі көпвекторлы дипломатия қазақ мемлекеттілігін сақтаудың аса маңызды құралы болғаны рас. Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті пайдалану, сыртқы күштермен бір мезгілде бірнеше бағытта байланыс орнату сол кезең үшін шебер саясат еді. Алайда тарих бізге дипломатиялық маневрдің артында оны қолдайтын экономикалық және әскери қуат болмаса, оның мүмкіндігі де шектелетінін дәлелдеп берді.
Осыдан шығатын тұжырым өте қарапайым. Бейбітшілікті қалап қана қою жеткіліксіз, оны қорғай алатын тастүйін қабілет те қажет. І дүниежүзілік соғыстан кейін "Мажино сызығы" немесе қорғанысы Францияны сыртқы агрессиядан қорғайды деп ойлаған генералдар фашистік Германия әскері елдің төрі – астанасына баса-көктеп келгенде қателескенін кеш ұғынған еді. Бұл қорғаныс доктринасы тек қорғануды ғана білдірмеуі керек дегенді меңзейді. Әрине, Қазақстан ешкімнің жеріне көз тігейін деп отырған жоқ. Дегенмен қорғаныс саясаты шабуыл жасалғаннан кейін ғана жауап беру стратегиясына сүйеніп қоймай, қарсы тараптың шабуыл жасауға деген мүмкіндігі мен ниетін алдын ала тежеуге бағытталуы тиіс. Сондықтан осы жағдайды "пассивті қорғаныстан белсенді стратегиялық тежеуге көшу" деген ұғым кеңірек ашады деп санаймын.
Жаңа доктрина "Қарсылас қандай күшке ие?", Оның қандай технологиясы бар? , Қандай осал тұстары бар? , Қазақстанға қандай қауіптер тууы мүмкін? , Алғашқы соққыдан кейін мемлекеттің басқару қабілетін қалай сақтаймыз? , Экономиканы қалай реттейміз? , Азаматтық инфрақұрылымды қалай қорғаймыз? , Технологиялық тәуелділікті қалай азайтамыз?" деген сұрақтарға жауап беруі керек. Яғни жаңа әскери доктрина "Соғыс басталса не істейміз?" деген сұрақпен шектелмей, "Соғыс басталмай тұрып оны қалай тежейміз?" деген сұраққа да жауап беруі тиіс.
Әскери атташе – жаңа дәуірдің технологиялық барлаушысы
Қазақстанның шетелдегі әскери атташелерінің қызметін жаңа қырынан қарастыру керек деп ойлаймын. Бүгінде әскери атташе тек әскери-дипломатиялық байланыстарды бақылаушы ғана емес, әскери технологиялар әлемін зерттейтін маман болуы тиіс. Әлемде әскери технологияның жаңа орталықтары пайда болуда. Ол тек ірі мемлекеттік корпорациялар ғана емес, қазір шағын стартаптар, инженерлік топтар, университеттік зертханалар, азаматтық технология компаниялары да қорғаныс саласына жаңалық енгізіп жатыр. Дрондар, жасанды интеллект, автономды жүйелер, сенсорлар, байланыс технологиялары, роботтар, ғарыштық бақылау, киберқауіпсіздік және басқа да салаларда шағын компаниялардың үлесі өсіп келеді.
Түркияда әскери көрмеге барғанымда жаңа дамып келе жатқан дрон стартаптарының бірінің өкілдерімен сөйлесіп, Қазақстанға келу мүмкіндігін ұсынған едім. Компания тарапынан қызығушылық байқалды. Сол кезде бір нәрсені анық түсіндім. Нарықтық жүйе әскери салаға да белсенді еніп жатыр және мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, инвестицияны қажет ететін стартаптарды іздеп жүріп елге шақырып, олардың Қазақстан туының астында дамуына, өнім шығаруына жағдай жасауға болар еді.
Қазақстанның әскери атташе қызметі шетелдегі осындай компанияларды анықтап, олардың Қазақстанға келуіне жағдай жасайтын әскери дипломатияның жаңа бағытын қалыптастыруы және оған "Өзің орналасқан елдегі перспективалы қорғаныс технологиясын анықта" деген міндет қойылуы керек. Оны шартты түрде "қорғаныс технологиялары дипломатиясы" деп атауға болады.
XXI ғасыр армиясы тек әскерилерден тұрмайды
Бізде әскер туралы түсінік әлі де көп жағдайда дәстүрлі қалыптан шыға алмай келеді. Армия десе генерал, офицер, сарбаз, танк, артиллерия елестейтіндігі анық. Ал қазіргі соғыс жағдайларында мұндай түсінік бұлыңғырлана түсті. Қазіргі әскери шешім қабылдауға саясаттанушы да, математик те, IT маманы да, инженер де, экономист те, психолог та, логист те, географ та қажет. Демек, бұл – Қазақстанның әскери басқару жүйесіне азаматтық интеллектуалдық ресурсты жүйелі түрде енгізу қажет деген сөз. Мәселе, азаматтық мамандарды әскери қызметшілердің орнына қою дегенді білдірмейді. Бұл жерде әскери тәжірибе мен азаматтық интеллектіні біріктіруді меңзеп отырмыз.
Қорғаныс саласында тұрақты жұмыс істейтін стратегиялық талдау орталықтары құрылса, оның құрамында әскери сарапшылармен қатар саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, экономистер, инженерлер, деректер аналитиктері, киберқауіпсіздік мамандары және жасанды интеллект зерттеушілері болуы тиіс. Мұндай орталықтың міндеті – соғыс басталғаннан кейін ақпарат жинау емес, болжалды соғыстың сценарийлерін есептеу, құру.
Қазір қарсыластың бронетехникасы қанша екенін санау жеткіліксіз. "Оның экономикасы қандай? , Қандай технологияға тәуелді? , Қоғамдық тұрақтылығы қандай? , Қандай санкцияға төтеп бере алады? , Логистикасының әлсіз жері қайсы? , Ақпараттық кеңістіктегі осал тұстары қандай? , Қандай жағдайда агрессиядан бас тартуы мүмкін? және т. б. секілді жаңа әскери аналитика осы сұрақтарға жауап беруі керек.
Екіншіден, Қазақстанның барлық салада әлемнің ірі әскери державаларымен сан жағынан жарысуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бізге ақылды асимметриялық стратегия қажет. Яғни болжалды қарсыластың күшті тұсына тура соқтығыспай, оның әлсіз тұстарын есепке алып, өз артықшылығымызды қалыптастыру маңызды. Бұл жерде арнайы операциялар мен асимметриялық қауіптерді зерттейтін азаматтық-әскери аналитикалық бөлімдер құруды айтып отырмыз.
Олар диверсия жасауды үйрететін құрылым ретінде емес, қарсыластың ықтимал диверсиялық, ақпараттық, кибер және инфрақұрылымдық әрекеттерін алдын ала болжайтын және мемлекеттің оларға төзімділігін арттыратын стратегиялық орталықтар ретінде құрылуы тиіс. Қажет болса, арнайы операциялар, стратегиялық коммуникация, қарсы барлау, киберқауіпсіздік, экономикалық қауіпсіздік және ақпараттық тұрақтылық бір аналитикалық кеңістікте зерттелуі керек. Өйткені қазіргі соғыста қарсыластың сағын сындыру үшін кейде жүздеген танк емес, дұрыс есептелген стратегиялық шешім маңыздырақ болуы мүмкін.
Барлау тек арнайы қызметтің жұмысы емес
ІІ дүниежүзілік соғыстың тарихы барлаудың маңызын жақсы көрсетті. Әсіресе, Ұлыбритания жерінің фашистік Германия жаяу әскерінің плацдармына айналмауының екі себебі баса көрсетіледі: біріншісі, оның жан-жағынан мұхит қоршаған географиялық орналасуы артықшылық берсе, екіншіден, Артур Конан Дойл секілді жазушылар шыққан елдің халқы кез келген шетелдікке, ерекшеліктерге секемшілдігінің арқасында ел территориясына жасырын барлау мақсатымен кірген талай неміс жансыздарын әшкерелеуге көмектескен. Соның арқасында британдық MI5 неміс агенттік желілерін әшкерелеп қана қоймай, Double Cross жүйесі арқылы бірқатар агенттерді қос агент ретінде пайдаланып, Германияға жалған ақпарат жеткізуге мүмкіндік алады.
Біріншіден, мұндай кейстерден қандай тәлім алуға болады? Қазақ қоғамының қонақжайлығы оның құндылығы, артықшылығы ретінде әспеттелетіндігі рас. Бірақ біздер қонақжайлылық пен аңғалдықты шатастырмауымыз керек. Сол себепті азаматтарды шетелдіктерден жөн-жосықсыз күдіктенуді емес, қауіп белгісін тани білуді үйрету қажет.
Стратегиялық нысандар, әскери объектілер, энергетикалық инфрақұрылым, сирек және стратегиялық металдар, маңызды технологиялар жөніндегі ақпаратқа деген қызығушылықтың бәрі қауіп болмауы мүмкін. Бірақ олардың қайсысы қалыпты ғылыми немесе іскерлік қызығушылық, ал қайсысы қауіпсіздікке қатер болуы мүмкін екенін ажырататын мәдениет қалыптасуы тиіс. Ол үшін халықтың қауіпсіздік сауаттылығын арттыру қажет.
Екіншіден, осы жерде ғылым саласына қатысты тағы бір мәселе туындайды. Қазақстан ғалымдарының Scopus, Web of Science секілді халықаралық ғылыми базаларға шығуы – ел ғылымының дамуы үшін қажетті шара. Бірақ ғылыми ашықтық пен ұлттық қауіпсіздік арасында белгілі бір шекара болуы керек. Мәселен, зерттеу нәтижесінде мемлекеттік құпияға, әскери технологияның қорғалатын сипаттамаларына, стратегиялық инфрақұрылымның осал тұстарына немесе заңмен қорғалатын басқа ақпараттарға қатысты мәліметтердің жария болып кетуінен сақтану керек. Әсіресе жерасты сирек кездесетін металдар қойнауы туралы ақпараттарға сұраныс артып отырғанда, олардың үшінші тараптарға қолды болмауы жіті қадағалануы керек.
Сондықтан ғалымның еркіндігін сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздікке қатысты зерттеулер үшін нақты сараптамалық сүзгі қажет.
"Жерастындағы" Қазақстан
Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстар стратегиялық инфрақұрылымның өміршеңдігін көрсетіп берді. Ирандағы қақтығыс барысында жерасты нысандарының стратегиялық маңызы қайтадан алдыңғы орынға шықты. Мысалы, Ирандағы туннельдік кешендер әскери тұрғыдан маңызды нысандарды әуе соққыларынан қорғау мәселесін күн тәртібінде ұстап отыр. Бұдан "бәрін жерастына көшіру керек" деген қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Бірақ стратегиялық резервтік инфрақұрылым мәселесін қазірден ойлану керек.
Басқару жүйелері, байланыс, деректер орталықтары, энергетикалық басқару, медициналық резерв, стратегиялық өндірістердің кем дегенде бір бөлігі алғашқы соққыдан кейін де жұмыс істей алатындай қорғалған резервке ие болуы қажет.
Бұрын қаланы биік дуал қорғаса, бүгін мемлекеттің өміршеңдігін қорғалған жерасты "қамалдары" қамтамасыз етеді. Сол себепті жерінің көп бөлігі ашық далалы кеңістіктен тұратын Қазақстан қалаларында мұндай инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын жүргізу аса маңызды.
Азаматтық құрылысқа қатысты да осындай көзқарас керек. Көпқабатты тұрғын үй жобаларында қауіпсіз паналау орындарын қарастыру, халықтың төтенше жағдай кезінде қорғану мүмкіндігін арттыру мәселесін зерттеу қажет. Бұл жерде Израиль мемлекетінің тәжірибесін зерделеген жөн.
Роботтанған құрлық әскерінің дәуірі
Украинадағы және Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар соғысты аяқтау үшін әлі де жаяу әскердің рөлі маңызды екенін көрсетіп отыр. Әскери және азаматтық-стратегиялық нысандарға әуеден соққы беру елдің саяси-әскери билігінің тез тізе бүгуіне әкелмейтіндігін, классикалық "Рейхстагқа ту тігілмей" соғыс біттіге саналмайтынына көзіміз жетті. Ал бронетехникамен қалқаланған жаяу әскер дронның немесе алыс және жақын қашықтыққа ұшатын ракеталардың олжасына айналуда. Мұндай жағдайда Қытайдың ұрысқа арналған роботтандырылған жаяу әскер отрядтарын құру тәжірибесі, олардың жаяу әскерсіз соғысты аяқтау мүмкін еместігін сезгендіктен ендірген жаңашыл шешімі деп қараған жөн және Қазақстанның қорғаныс жүйесі де қазірден адам шығынын азайтуға бағытталуы тиіс.
Біздің армиямыздың болашақ құрылымында адам – дрон – робот – жасанды интеллект – спутниктік бақылау – киберқорғаныс бір жүйе ретінде қарастырылуы тиіс. Бір жағынан, Қазақстан осындай технологияларды өзі өндіруі керек. Екінші жағынан, қарсыластың осындай жүйелеріне қарсы қорғаныс технологияларын дамытуы қажет.
Қосарлы мақсаттағы технологиялар: соғыс кезіндегі азаматтық резерв
Қазіргі әскери өндірістің тағы бір ерекшелігі – әскери және азаматтық технологиялардың бірлігі жаңа сипат алуда. Ресей бүгінгі соғыста санкциямен байланысты технологиялық шектеулілік жағдайында коммерциялық электроника, байланыс құралдары, сенсорлар, көлік жүйелері, бағдарламалық қамтамасыз ету және басқа да азаматтық технологияларды әскери міндеттерге бейімдей алды. Сол секілді Иранның соғыс жағдайында бар компоненттерден зымыран өндірісін қайта ұйымдастыруға ұмтылысы да технологиялық бейімделудің маңызын көрсетеді.
Бұл бізге маңызды тұжырым жасауға көмектеседі. Әскери технология тек әскери зауытта жасалып, алдын ала әскери мақсатты көздеуі міндетті емес. Ептейлі қол – кез келген заттың алғашқы мақсатын өзгертіп, қайта құрылымдауға болатынын көрсетеді. Осыған орай бейбіт уақытта автомобиль, электроника, байланыс, машина жасау немесе IT өнімін шығаратын компаниялардың бір бөлігін төтенше жағдайда мемлекетке қажет басқа өнімдерді шығаруға бейімдеудің жоспарын әзірлеу қажет. Мұны қосарлы мақсаттағы технологиялар саясаты арқылы дамытуға болады. Ол үшін мемлекет алдын ала қай кәсіпорын қандай өнім шығара алады; қай өндіріс қанша уақытта қайта бейімделеді; қандай компоненттер шетелге тәуелді; қай технологиялардың ұлттық резерві болуы тиіс деген сұрақтарға жауап іздеуі керек.
Қазан айындағы жолдау жаңа пікірталастың бастауы бола алады
Егер қазан айында өтетін Президент жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері көтерілсе, оны Қазақстанның әскери доктринасын жаңа тарихи және технологиялық жағдай тұрғысынан қайта пайымдаудың басталу нүктесіне айналдыру орынды болар еді.
Бұл міндетті түрде бір күнде жаңа әскери доктрина қабылдау деген сөз емес. Алдымен "Қазақстанның XXI ғасырдағы әскери қауіпсіздік моделі қандай болуы керек?" деген ұлттық сараптамалық пікірталас басталуы қажет. Оған әскерилер ғана емес, ғалымдар, инженерлер, IT мамандары, саясаттанушылар, экономистер, дипломаттар, кәсіпкерлер және азаматтық қорғаныс мамандары қатысуы тиіс. Содан кейін ғана жаңа доктринаға қатысты нақты ұсыныстарды әзірлеуге болады. Мұндай құжатты шартты түрде "Қазақстанның 2035 жылға дейінгі әскери-стратегиялық даму тұжырымдамасы" деп атауға болар еді.
Оның негізгі өзегі белсенді стратегиялық тежеу, технологиялық тәуелсіздік, азаматтық-әскери аналитика, қорғаныс технологиялары дипломатиясы, дрондар мен роботтандыру, стратегиялық инфрақұрылымның өміршеңдігі, қосарлы мақсаттағы өндіріс, азаматтық қорғаныстың жаңа моделі болуы мүмкін.
Тарих бізге тағы бір таңдау ұсынып отыр. Осы жолы тарихтың соққысын күтіп отырмай, өзгерісті алдын ала көре алуымыз керек. Сондықтан Қазақстанға жаңа қару ғана емес, жаңа әскери ойлау жүйесі қажет. Қазақстанға қауіп төндірудің өзі қарсы тарап үшін тым қымбат, тым күрделі және нәтижесіз болатындай ұлттық қорғаныс жүйесін құруды жедел қолға алу керек.
Бір кезде қылыш пен найза, садақ пен жебе дәуірінің аяқталғанын қазақ даласы кеш түсініп, опық жеген болса, XXI ғасырдың дрон, робот, жасанды интеллект, киберкеңістік, ғарыштық бақылау және жоғары технологиялар дәуірінде сақадай-сай ақылды әскер мен қабілетті қорғаныс жүйесін жасау өзекті. Өйткені мемлекеттің қауіпсіздігі кейде соғыс басталған күні емес, соғыс басталуы мүмкін екенін түсінген күні шешіледі.
Міне, жаңа әскери доктрина осы мәселелерден басталуы тиіс.
Нұрғиса Көшеров,
саясаттанушы,
Тұран университетінің оқытушысы