Қоғам

Қазақстанмен байланысы бар хакерлер Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасауы мүмкін – Reuters

Бұл туралы Reuters агенттігі Cisco және Recorded Future компанияларының зерттеушілеріне сілтеме жасап хабарлады.

хакер

Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін Silent Lynx ("Тыныш сілеусін") хакерлік тобы Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, Нижний Новгород қаласы әкімдігінің компьютерлік желісін бұзған болуы ықтимал.

Мамандардың мәліметінше, хакерлер Тәжікстан мен Беларусьтің мемлекеттік мекемелерінің ақпараттық жүйелеріне де енген болуы мүмкін. Кибершабуыл жасау үшін олар зиянды файлдары бар электронды хаттарды пайдаланған. Хат алушыға ресми құжатқа ұқсайтын файл жіберілген. Оны ашқан кезде хакерлер компьютерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған. Шабуылдардың бірі Қазақстан шекарасынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан Орск мұнай өңдеу зауытына бағытталды. Сонымен қатар зерттеушілер Нижний Новгород әкімдігінің жүйесі сәтті бұзылғанын көрсететін белгілерді анықтаған.

Неліктен күдік Қазақстанға түсті?

Зерттеушілер зиянды бағдарламалар Қазақстан аумағынан тексерілген болуы мүмкін екенін анықтаған. Бұған қоса, хакерлердің белсенділігі Қазақстандағы жұмыс уақытымен сәйкес келген. Мамандар шабуылдардың жасалған мерзіміне де назар аударған. Мәселен, Тәжікстанның мемлекеттік мекемесіне жасалған шабуыл Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы келісімді ратификациялау кезеңімен тұспа-тұс келген. Ал Беларусьтегі мемлекеттік мекемеге екі ел дипломаттарының кездесуіне аз уақыт қалғанда шабуыл жасалған.

Дегенмен, бұл деректер хакерлердің Қазақстаннан шыққанын түпкілікті дәлелдемейді. Reuters материалында олардың Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін деген болжам ғана айтылған.

Тегтер: Жеке дерек
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз