Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 07 Қыркүйек 2023

«Қазақстанның Үрімжідегі консулы жұмыстан кетсін». Қандастар виза кезегі «сатылып» жатқанына наразы

None
None

Тұрғындар ҚР сыртқы істер министрінің атына арыз жазды.

«Жас Алаш» газетінің 24 тамыздағы санында «Кезегі жетпейтін виза, ақшасы жетпейтін қазақ» атты мақала шықты. Онда Қытайдағы қазақтар Қазақстанға виза ала алмай, сабылып жүргені жазылған. Үрімжідегі Қазақстан консулдығында виза кезегі «сатылып» жатыр деген ақпарат бар.

Бүгін, 7 қыркүйекте Қытайдағы туыстары виза аштыра алмай, Қазақстанға келе алмай жүрген бір топ адам жиналап, ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің консулдық мәселелер басқармасына барды. Жиналғандар министрліктің Алматыдағы өкілдерімен жолығып, арыз-шағымын жеткізбекші болған. Айтар уәждерін қағазға түсіріп, дайындап алыпты. 

Бірақ атауы аса шұбалаңқы «ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің консулдық мәселелер басқармасы» келген жұртқа жылы қабақ таныта қоймаған сияқты. Қызметкерлері көпшілікпен бетпе-бет жолықпай, терезе ішінде тұрып сөйлесті. 

Өзін консулдық мәселелер басқармасының бас маманы Беделбек Әділ Бақытжанұлы деп таныстырған қызметкер тұрғындар арызын қабылдап алып, жоғарыға жеткізетінін айтты. 

Табиғат Әділбекұлы есімді тұрғын не арызбен келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, тегін берілуі керек виза кезегі Қытайда ашықтан-ашық сатылып жатыр.

— Қытайдағы бауырларымыз қолында паспорты болса да виза аштыра алмай жүр. WeChat әлеуметтік желісінде виза ашуға кезек беретін Kezek2 деген парақша бар. Онда бір аптада 480 адамға кезек береді. Мен өзім сынап көрдім, осы 480 орын 5 секундта таусылып қалды. 480 орынның осынша аз уақытта түгеп қалатыны ақылға қонбайды. Соған қарағанда көп кезек алдын ала сатылып кететін сияқты. Мүмкін 80 адам кезегін заңды тәртіппен алатын шығар, ал қалғаны бұлыңғыр. Кезек алу үшін ең аз болғанда 60-120 мың теңге төлейсіз, тіпті баға 700 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жетеді. Кезекті делдалдар сатып жатыр. Бірақ олардың консулдық қызметкерлерімен байланысы бар екені анық. Іштегі қызметкер көмектеспесе, қарапайым халық ала алмаған кезекті делдалдар қалай алады?!

Туыстарыма виза аштыру үшін делдалға әр адам үшін 120 мың теңгеден төледім. Бірақ олар ақшаны азсынып, кезек алып бермеді. Мұның бәрін дәлелдеп көрсете аламын, телефонда бәрі сақталып тұр. Олар тіпті 76 жасқа келген әжейді алдап, ақшасын алып кетіпті. Кезекте алып бермеген.

Осындай былықтардың басында Қазақстанның Қытайдағы бас елшісі, әсіресе Үрімжі қаласындағы консулы тұр деп есептеймін. Сол үшін, бірінші талабым — Қазақстанның Үрімжі қаласындағы консулын жұмыстан алу керек. Екіншіден, ақша жеудің жолына айналған Kezek2 қосымшасын жабу қажет. Тұтас әлемде виза тікелей қолға беріледі, бізде ғана белгісіз сайтқа сүйеніп отыр. Ал Kezek2 таза жұмыс істеп тұрған жоқ. Қытайдағы қандастар виза аштыру үшін миллиондаған ақша жұмсауға мәжбүр. Алтай сияқты аймақтардан Үрімжіге барып-қайтудың өзі біршама қаржыны талап етеді. Жолы мен визаға осынша шығындалған адам Қазақстанға қалай келеді. Сол үшін бұл мәселені шұғыл реттеу қажет, — дейді Табиғат Әділбекұлы.

Беделбек Әділ Бақытжанұлы, ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігі консулдық мәселелер басқармасының бас маманы:

— Біріншіден, бізде Айбек Смадияров есімді ресми өкіл бар. Сұрақтарыңызды сол кісіге қойсаңыздар болады. Екіншіден, біз өзіміз СІМ-ге қараймыз, біздің орталық аппарат Астанада. Үрімжідегі консул бізге бағынбайды, бізге есеп бермейді. Тікелей орталық аппаратқа немесе елшіге есеп береді. Ал бізге қалдырған арызды елшілікке және орталық аппаратқа жібереміз, — деді ол. 

Тегтер: