Қазақтың бәрі әкім болғысы келеді
Тоқаев уәде еткен әкімді тікелей сайлаудың соңы не болар екен? «Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр.
Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын», – деді президент Тоқаев кешегі жолдауында.
Саясаттанушы Марат Шибұтов «ауыл әкімдерінің сайлануы еліміздің саяси жүйесі үшін өте пайдалы тәжірибе болады» деген тұжырым жасайды. «Ауылдың да ауылы бар. Бізде 500-1000 тұрғыны бар кішкентай ауылдар ғана емес, мәселен, оңтүстікте тым үлкен ауылдар бар. Мысалы, Қордайды алайық. Ол да ауылға жатады. 25 мың тұрғыны бар. 25 мың халық деген – үлкен күш. Ол жерде әкімнің сайлауы өтетін болса, бұл еліміз үшін аса ірі саяси оқиға болады», – деген екен Шибұтов youtube-тегі арналардың біріне берген сұхбатында.
Саясаттанушының айтуынша, елдегі барлық облыстарды алып қарасақ, қала мәртебесін алмаған Қордай сияқты ірі ауылдардың саны 10-нан асады екен. Бюджеттен алатын қосымша қаражаттан айырылмау үшін қала мәртебесінен гөрі оларға сол ауыл мәртебесімен отыра тұрған тиімді. Сондай ауылдарда әкім лауазымы үшін енді қырғын соғыс болады. Тоқаев сайлау жүйесін өзгерту керек деді ғой, ендеше, бұл енді аудан мәслихаттарына әкімдік арқылы өтетін жанама сайлау емес, таза тікелей сайлау болады. Ал тікелей сайлау деген – мүлдем бөлек дүние. Праймеризді көріп отырмыз, бір орынға – 16, тіпті 50 адамға дейін таласуда. Ал Қордай әкімінің сайлауына кемінде 50 адам түскісі келетіні анық. Өйткені қазақтың бәрі әкім болғысы келеді.
«Меніңше, ауылдарда партиялық тізімдер арқылы сайлау емес, шын тікелей сайлау болатын сияқты. Бұл шынымен бүкіл саяси жүйе үшін өте пайдалы қадам болар еді. Төмендегі саясатқа жан бітіретін. Әсіресе ол ауыл аудан орталығы болса тіпті керемет болар еді. Көре жатармыз енді, не болатынын», – депті сөзін тәмамдаған саясаттанушы.