Құланнан оралмандар көшіп жатыр
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында биыл адам саны күрт кеміп, 125 тұрғынға азайыпты.
Яғни, Т.Рысқұлов ауданында былтыр 64 443 тұрғын болса, қазір 64 318 адам қалған. Бұл туралы «Жас алаштың» өңірдегі тілшісі хабарлайды.Жамбылдағы өзге тоғыз ауданның тұрғындары көбейіп, жалғыз-ақ Т.Рысқұлов ауданында халық санының азайғаны «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген мақалды еріксіз еске түсірді. Иә, Құланда бәрі жақсы болса, тұрғындар неге көшіп жатыр? Облыс бойынша тек Құлан өңірінің халқы азайып бара жатқанын немен түсіндіруге болады?Біз осы сұрақты алдымен Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бастығы Ләззат Өтеулиеваға қойған едік. Ол бұл жағдайды бізден естіп тұрғанын жасырмай, мән-жайды анықтағаннан кейін жауап беретінін жеткізді.Аудан әкімінің әлеуметтік салаларға жауапты орынбасары Бейсен Әлпейісов те Құланның халқы азайып бара жатқанынан хабарсыз болып шықты. — Жыл басынан бері алты айдың қорытындысында ауданымызда туу көрсеткіші төмен болды. Есесіне өлім-жітім де аз тіркелді. Нәтижесінде тепе-теңдік болу керек. Бірақ, аудан тұрғындары сыртқа үдере көшіп жатыр, 125 адамға азайды деген ақпаратқа сенбей отырмын, — деп жауап берді әкім орынбасары. Әкім орынбасары сенбегенмен, біз бұл мәліметті облыстық статистика департаментінен алып отырмыз.Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың алғашқы жартысындағы қорытынды бойынша, аудандарға жұмыс сапарында осы өңірдегі атқарылып жатқан кейбір шаруаларды өзге аудандарға үлгі еткен еді. Қағаздағы көрсеткіштерде бәрі қанттай болған соң, аудан тұрғындарына да бар жағдай жасалғандай көрінетіні анық. Бірақ, соңғы кездері Т.Рысқұлов ауданындағы үйлердің дарбазаларында «Үй сатылады» деген жазулар көбейген. Халықтың көшуіне табыстың төмендігі, жалақының аздығы әсер ететіні анық. Әрі аудан әкімі Асқар Қырықбаев қандастарымызға қырын қарап отырғандай. Олай дейтініміз Құланнан кетіп жатқандардың көбісі бірер жыл бұрын ғана көшіп келген қандастарымыз деген ақпар бар.Одақ тарағаннан кейін Жамбыл облысындағы өндірісті өңірлер Жаңатас пен Қаратаудағы өндіріс ошақтары тоқтағанда ол жақтағы орыстар тарихи отандарына қарай үдере көшсе, онан соң тұрмыс жағдайларына, жұмыссыздыққа байланысты шалғайдағы Мойынқұм ауданының тұрғындары өзге аудан-қалаларға ағылған болатын. Ал ауылдарының көбі үлкен жолдың бойында орналасқан Құландағы халықтың азайғаны бұл жақтағы әлеуметтік жағдайдың да оңып тұрмағанын, «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтінінің» бір көрінісі емес пе?Енді жалпы Жамбыл облысы бойынша айта кетсек. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда облыс тұрғындары 4 пайызға өсіп, өңір халқы 1 120 769 адамға жетіп, 3549 тұрғынға көбейіпті. Осы орайда Тараз қаласы мен аудандардағы демографиялық жағдайларға тоқталсақ, бұл ретте Байзақ ауданы көш бастап тұр. Байзақтың халқы былтыр 103 832 болса, биыл 105 055-ке жетіп, 1223 тұрғынға, яғни 1,2 пайызға көбейген. Жамбыл облысындағы 1 120 769 халықтың 551 684 ер азаматтар болса, 569 085 тұрғыны нәзік жандылар екен.Дегенмен, өңірдегі 10 ауданның сегізінде нәзік жандыларға қарағанда еркек кіндіктілер көп тұратыны тіркелген. Тек Қордай мен Меркіде нәзік жандылар саны басым. Сосын Тараз қаласында бөріктілерден көріктілер анағұрлым көбірек тұрады.Фото: zhampoz.kz