Үш оқушының өлімі: Жамбыл облысында "Система" тобына қатысты іс сотқа жетті
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында үш жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тергеу барысында мектеп оқушылары арасында "Система" деп аталатын бейресми топтың әрекет еткені анықталған.
Прокуратураның хабарлауынша, ауыл мектептерінде қалыптасқан бейресми топтың өзіндік иерархиясы, бағыну тәртібі және ережені бұзғандарды жазалау жүйесі болған.
Тергеушілер оқушылар арасындағы ақша бопсалау фактілері мен үш жасөспірімнің өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытындыға келген.
"Жиналған дәлелдемелер жиынтығы бопсалау фактілері мен үш кәмелетке толмаған баланың өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсетеді", – делінген прокуратура хабарламасында.
Іс бойынша жеті адамға айып тағылған. Олардың екеуі Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі (бопсалау) және 105-бабының 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айыпталып, қамауға алынған.
Қалған бес адамға бопсалау бабы бойынша айып тағылып, өзге бұлтартпау шаралары қолданылған.
Прокуратура "Система" тобының әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар құзырлы мемлекеттік органдардың әрекетіне құқықтық баға берілген. Құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізілген. Олар әзірге қаралып жатыр.
Қылмыстық іс 23 қазанда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Еске салайық, биыл 15 сәуірде Қаракемер ауылында екі тоғызыншы сынып оқушысының мәйіті табылған еді. Кейін Nege.kz басылымы ауылда 2025–2026 жылдары бес жасөспірімнің өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын хабарлады. Ішкі істер министрлігі осы оқиғаларға қатысты бес қылмыстық іс тіркелгенін растаған.
Алайда бүгінгі прокуратура мәлімдемесінде нақты үш жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу нәтижесі жарияланды. Қалған оқиғалардың бұл іспен байланысы туралы ақпарат берілген жоқ.
Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.