Қазақстандықтарға 2027 жылғы қажылыққа 4300 орын бөлінді
Қазақстан мен Сауд Арабиясы 2027 жылғы қажылық маусымына дайындық мәселелері бойынша келісімге келді.
Нәтижесінде қазақстандық қажылар үшін 4300 орын бөлінді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) хабарлады.
Келісім екі ел арасындағы қажылық сапарын ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын қамтиды. Сондай-ақ құжатта қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін сақтау және медициналық талаптарды орындау мәселелері қарастырылған.
ҚМДБ мәліметінше, келісім қажылық сапарын жүйелі ұйымдастыруға және қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясындағы діни рәсімдерді қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда орындауына бағытталған.
Айта кетейік, қажылық – мұсылмандардың исламдағы бес парызының бірі. Оны денсаулығы мен қаржылық мүмкіндігі жететін мұсылман өмірінде кемінде бір рет өтеуі тиіс.