Сараптама

Реформаның бастауы - әділ сөз

Бүгін 8 Қыркүйек — Халықаралық журналисттер ынтымағы күні. Ең алғаш бұл күнге осындай мәртебе беріп тағайындаған 1958 жылы Бухарестте бас қосқан Дүние жүзі журналисттерінің конгресі болатын.

Реформаның бастауы - әділ сөз

Әділ қоғам орнатуда маңызы айрықша зор, сондай-ақ әлемдегі ең қауіпті  саналатын сала өкілдеріне аталған күні жер-жерде қолдау көрсетіледі. Кәсіби міндеттерін атқару барысында қаза тапқан тілшілер мен операторларға тағзым етіледі. Айтпақшы, 2008 жылы 8 қыркүйекте еліміздің жетекші ақпараттық агенттігі болып табылатын ҚазТАГ-тың тұсауы кесілді. Америкадағы әйгілі Пулитцер сыйлығының иегерлері де әдетте осы күні марапатталады.

Жалпы, ХХІ ғасырдағы демократияның ең шешуші алғышарты не десе, сөз бостандығы мен пікірлер алуандығын атауға болар. Себебі онсыз әділ сайлау мен әлеуметтік теңдікті болсын, тәуелсіз сот пен белсенді азаматтық қоғамды болсын елестету мүмкін емес. Адамзаттың өзі пайда болмастан бұрын бастапқыда Сөз болған деген тұжырым да тегіннен айтылмаса керек.

АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Уашингтон былай деген екен: “Сөз бостандығы болмаса біздің бәрімізді мылқау да көнгіш қой сияқты сойысқа айдауға болар еді”. Уақыт өткен сайын аталмыш қанатты сөз өз құндылығын арттырмаса, жоғалтпай келеді. Өйткені тәуелсіз ақпарат қана ақты ақ, қараны қара деп, қоғамның көзін ашуға, саясат атаулының үгіт-насихатына көз жұмып сену емес, биліктің әр қадамын бақылап оған ықпал етуге мүмкіндік қалыптастырады.   

Рас, Тәуелсіздік жылдарында отандық баспасөз бірталай асуларды бағындырды, кәсіби деңгейін көтеріп заман талабына сай ысылып-жетілді. Мемлекет тарапынан журналисттердің жұмысын заңдық жағынан реттеп, олардың еңбегін сүйемелдеуде, жас мамандарды дайындауда бірталай игі шаруалар тындырылды. Билік орындарына, парламентке, қоғамдық кеңестерге баспасөз саласының көрнекті өкілдерін жиі тарту да БАҚ ықпалының күшейгенін айғақтайды.

Қазақстандағы медиа-кеңістік ойдағыдай қарқынмен болмаса да, жылдан жылға қазақиланып келе жатқаны – ендігі бір жақсы жаңалық. Керек десеңіз, кеше тек орыс тілінде шыққан ақпарат құралдары өздерінде қазақ редакциясын ашып, қазақ тілді авторларға жиі жүгінуде. Бұл, әлбетте, тоқмейілсуді білдірмегені абзал. Керісінше ұлттық сана-сезімі оянып келе жатқан Қазақы әлеумет аталған оң үрдіске белсенді атсалысқаны құба-құп. Атап айқанда, газет-журналдарға жазылу, моралдық, шама келсе материалдық демеу жасау, басқа да жолдар арқылы. Бұл да қоғамдық жауапкершілік танытудағы халықаралық тәжірибе. Мәселен, Ұлыбританиядағы аты күллі әлемге танымал “Би-би-си” корпорациясы тек азаматтардың қаржысына арқа сүйеп, есесіне қоғамды тәуелсіз ақпаратпен қамтамасыз етуде. Бізге де осындай тәжірибені қолға алған абзал.

Елімізде баспасөз өкілдерін ынталандыруға арналған “Үркер”, “Тұмар”, “Нұр-Сұңқар”, “Туған ел” премиялары, Бейсен Құранбектің құрметіне “Жігер” сыйлығы тағайындалған. Аталған жүлделерге қатысты журналисттік қауымдастықта түрлі ойлар бар. Бірі мемлекет БАҚ қызметкерлерін елеп, марапаттап жатса, демек, бұл біздің әлеуетімізді мойындағаны, сонымен қатар күрделі әлеуметтік жағдайда әжептәуір қаржылық қолғабыс болып табылады деп санайды. Енді бірі бұндай тәжірибе қоғам үшін пайдалы журналистикадан гөрі билікке ғана жағымды ақпарат таратушыларды ынталандырады, ал нағыз журналист қоғам үшін жұмыс істеуі тиіс деген ұстанымда.

Мойындау керек, біздегі билік орындарының журналисттер жұмысын шектеуге тырысуы, БАҚ-тардың редакциялық саясатына араласуы көптеп кездеседі. Әсіресе осындай жағдай мемлекеттік баспасөз бен телеарналарда кеңінен етек жайған. Бірақ бұндай әсірілтеушілік нәтижесінде бәрі ұтылады: силап-сипап берген жаңалық пен сараптамадан мемлекеттік орындарға деген сенім артпайды, оқырман және көрермен қауым шындықты балама көздерден ғана іздей бастайды, журналисттердің өзі, әсіресе буыны қатпаған жас кадрлар басты міндетін ұмытып жалтақ әрі әлжуаз болып өседі. Екі ортада хайп мен алып-қашпа әңгімелер салтанат құрады.

Осы тұрғыда Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның заман талабына сай жаңадан қабылдануы әлдеқашан пісіп-жетілді. Әсіресе мемлекеттік тапсырыс саласындағы былықтар, негізсіз шектеулер жойылуы айрықша маңызды. Сонда-ақ журналисттердің жұмысы лайықты бағалауны, оларды әлеуметтік қамсыздандыру ісі кешенді түрде қолға алынғаны жөн.

Түптеп келгенде баспасөз формалды ғана емес, іс жүзінде төртінші билікке айналғаны шарт. Бұдан мемлекет те, халық та ұтары сөзсіз. Ал ұпайын жоғалтар біреу болса, олар заңды белден басқан жемқорлар мен қара бастың қамын елден жоғары қойған шенді дөкейелер ғана.

Ақпаратпен емін-еркін бөлісу, цензура құрсауын босауға келгенде қазіргі заманның зор жетістігі ретінде Интернетті атауға әбден болады. Ғаламтор ұсынған тың мүмкіндіктер, әсіресе әлеуметтік желілер, Қазақ қоғамына да көп пайдасын тигізуде. Соның арқасында бұрындары тасада қалып келген талай келеңсіздік әшкереленуде. Бүгінде Интернеттің құдіретін мемлекеттік мекемелер де мойындап отыр. Ал енді лауазымды әлдекімге ұнамсыз болса да қоғам үшін әлде-қайда құндысы — істің беті ашылғаны. Осы ретте ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың сөзін еске түсірсек: “Мен сіздің сөзіңізбен келіспесем де, осыны айтудағы сіздің хақыңыз үшін өлуге дайынмын”.

Ендігі өзекті тақырып – Қазақстанның ақпараттық тәуелсіздігі. Қазіргі әлемде, оның ішінде пост-советтік кеңістікте, кәдімгідей ақпараттық соғыс, гибридтік амал-тәсілдер, арандату әрекеттері жүріп жатыр. Оның опығын отандық медиасына немқұрайлық танытқан елдер жеп жатыр – бірі жері мен егемендігінен айрылса, бірі іштей алауыздыққа бой ұсынған. Айналып келгенде тарихтан баршаға белгілі “Ақпарат кімнің қолында болса, билік те соның бақылауында” деген қанатты сөзді ешкім жоққа шығарған жоқ. Олай болса, біздің еліміз бөгденің, бірінші кезекте Ресейдің үгіт-насихатына тәуелділіктен түпкілікті арылуы ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып табылады.

Осы тұрғыда Прибалтика республикалары жолымен елімізде ресейлік ақпараттық биліп-төстеуді доғаратын кез келді. Арыға бармай-ақ осындай әлсіздіктің кесірін бүгінде өзінде ресейлік БАҚ-ты тайраңдатып қойған Беларусь көріп отыр. Айтылғанмен қатарласып жүретін келесі түйткіл – дағдыға айналып кеткен жаман әдет — сырт әлемді танып-білуде Ресейдің жетегінде жүрмей  дербес көзқарас қалыптастыру. Соның ішінде тым кештетіп алсақ та отандық телеарналардың өкілдіктерін шетелде ашу, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Украина, сықылды достас елдермен, Шынжандағы Қазапен белсенді ақпараттық алмасу ұйымдастырған жөн.

Пандемия ауыртпалығы, қауіпті дерт мәжбүр еткен өмірлік жаңа шындық көп нәрсеге көзімізді ашты. Соның бірі шыныйы ақпарат тарату мен оны бұқараға уақтылы жеткізудің маңызын, әйтпесе пайда болған бос кеңістікті әдетте қауесет пен дүрлігу басатынын ұғынумен байланысты. Ендеше баспасөзді жан-жақты қолдау, осы саладағы ойын ережелерін әділ қылу, қоғамдағы сан алуан пікірлерді ел мүддесіне сай ортақ мәмілеге келу жолдарын ойластыру – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналу керек. Өз кезегінде қоғам да сөз бостандығына келгенде жауапкершілік танытқаны маңызды. Ресей баспасөзінің майталманы Владимир Познердің айтқаны бар:  “Сөз бостандығы – ойыма не келсе соны беталбаты айта берем дегенді білдірмейді. Бұл барып тұрған жауапсыздық. Ал шынайы сөз бостандығы дегеніміз — әр сөзіңе жауап бере алу қабілеті”.

Бүгінгі таңда қоғам алдындағы ашықтықты жариялаған билік орындары, өз ішінде қайтақұруға бет бұрған Нұр-Отан партиясы осы аталған қажеттіліктерді мұқият ескеріп, оларды өтеуге күш салғаны – заман талабы. Тоқ етерін айтқанда тек нағыз сөз бостандығы билікте президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаторлардың ең адал да қуатты серіктесіне айналары да, ел басына күн туса сыртқы ақпараттық шабуылдарға тойтарыс беретін бірден-бір күш болары да хақ.

Тегтер: Без Тега
Расул Жұмалы
Расул Жұмалы Расул Жұмалы

Оқыңыз