Ресей Харьков пен Киевке соққы жасады: кемінде 29 адам зардап шекті
28 қыркүйекке қараған түні Ресей әскері Украинаның Харьков және Киев қалаларына шабуыл жасады.
Украина билігінің мәліметінше, екі қалада кемінде 29 адам жараланған. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер бар.
Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов пен қала мэрі Игорь Тереховтің хабарлауынша, Харьковта кемінде 25 адам зардап шеккен, оның сегізі – бала. 8 және 12 жастағы екі бала ауруханаға жеткізілген.
Украина тарапы Ресей әскері қаланың Киев және Салтов аудандарына басқарылатын авиациялық бомбалармен соққы жасағанын мәлімдеді. Салтов ауданында бомбалардың бірі көпқабатты тұрғын үйге түскен. Соққыдан ғимараттың екінші және үшінші қабаттары қираған.
Киевте де түнгі шабуыл салдарынан төрт адам зардап шекті. Украина Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің дерегінше, Подоль ауданында тұрғын емес ғимарат зақымданып, өрт шыққан. Қайталама соққы кезінде жақын маңдағы тұрғын үйдің терезелері сынған.
Киев мэрі Виталий Кличко зардап шеккендердің үшеуі жасөспірім екенін хабарлады. 15 жастағы екі жасөспірімге оқиға орнында медициналық көмек көрсетіліп, 17 жастағы жасөспірім ауруханаға жатқызылған.
Голосеев ауданында дрон екі қабатты жеке тұрғын үйге түскен. Салдарынан бір адам жараланған. Печерск және Шевченко аудандарында кеңсе ғимараттарында өрт шықса, Оболонь ауданында жанармай құю станциясына дрон түскені хабарланды.
Бұған дейін, 27 қыркүйекте де Ресей әскері Киев пен Киев облысына дрондармен шабуыл жасаған. Украина билігінің дерегінше, сол шабуылдардан үш адам қаза тапқан. Киевтің Соломен ауданында бір адамның денесі өртті сөндіру кезінде табылса, Софиевская Борщаговка ауылындағы базарға дрон түсуінен екі адам мерт болып, төрт адам жараланған.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, бір тәулік ішінде Ресей тарапы Украинаға әртүрлі үлгідегі 277 соққы дронын қолданған. Оның 155-і реактивті дрон болған.