Қоғам

Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна бензин алуды жоспарлап отыр

Ресей билігі Қазақстаннан бензин импорттау немесе ресейлік мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, дайын өнімді қайтадан Ресейге жеткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады

Бензин

Ақпаратқа сәйкес, тараптар шамамен 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензин жеткізу мәселесін қарастыруда. Алайда агенттікке пікір білдірген ресейлік дереккөздердің бірі келіссөздердің жүріп жатқанын растағанымен, нақты жеткізілімдердің жүзеге асу мүмкіндігін төмен бағалаған.

Келіссөздердің басталуына Ресейдегі жанармай тапшылығы себеп болған. Дрон шабуылдары мен мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары салдарынан маусым айының ортасына қарай автобензин өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген.

Сондай-ақ тараптар ресейлік мұнайды Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірінде процессинг негізінде өңдеу мүмкіндігін де талқылауда.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасында бартерлік келісім жасау нұсқасы да қарастырылып жатыр. Бұл схема бойынша Қазақстан бензин жеткізсе, Ресей өз кезегінде Қазақстанға шілде айында тапшылық туындауы мүмкін авиациялық керосин беруге дайын.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей тарапынан бензин жеткізуге қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеген болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз