Ресейде балаға оқ атқан Қазақстан тумасы ұсталды
Санкт-Петербургте ресейлік БАҚ мәліметінше, 11 жастағы балаға пневматикалық тапаншамен оқ атқан Мариин театрының әртісі ұсталды.
Оқиға Минск көшесіндегі №1 үйдің маңында болған. «Baza» телеграм-арнасының жазуынша, бала Декабристер көшесіндегі үйдің терезесінің алдында саксофон ойнап тұрған. Музыка 38 жастағы театр әртісінің ашуын келтірген көрінеді.
Бір сәтте ер адам пневматикалық тапаншаны алып, пәтер терезесінен оқ атқан. Оқ баланың бетіне тиіп, иегіне қадалып қалған.
Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
БАҚ мәліметінше, ұсталған азамат — Қазақстанда туған Айтжан Смағұлов. Ол 2021 жылдың сәуірінен бері Мариин театрында жұмыс істеп, қосалқы театр труппасының құрамында өнер көрсеткен.
Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк полицияға оқиға туралы кездейсоқ өтіп бара жатқан адамның хабарласқанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз біреу балаға оқ атқан.
ІІМ дерегіне сәйкес, ер адамға баланың музыка ойнағаны ұнамай, оны «жазаламақ» болған.
Оқиғаға байланысты «Қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.