Ресейде полицейлерге оқ атқан күдікті Қазақстанда туған болып шықты
Ресейдің Орынбор облысында полиция қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасады деген күдікпен іздестіріліп жатқан адамның жеке басы анықталды.
Ресей ІІМ-нің Орынбор облысы бойынша басқармасының мәліметінше, күдікті – 1974 жылы туған 52 жастағы Сергей Басалаев. Ол Қазақстанда, нақтырақ айтқанда бұрынғы Шымкент облысына қарасты Түлкібас ауданында дүниеге келген.
Оқиға Ақкермановка елді мекенінде болған. Полиция қызметкерлері федералдық іздеуде жүрген ер адамды ұстауға барған кезде, ол қарсылық көрсетіп, қару қолданған.
Салдарынан бір полиция қызметкері қаза тапты, тағы үшеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, күдікті ақ кабинасы бар «ГАЗон» жүк көлігімен қашып кетуі мүмкін. Сондай-ақ оның автоматпен қаруланғаны болжанып отыр.
Кейін күдікті мінген болуы мүмкін көлік Белошапка ауылы маңынан табылған. Қазіргі уақытта іздестіру шаралары осы аумақта жүргізілуде.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, операцияға полиция, Росгвардия қызметкерлері, кинологтар тартылған, сондай-ақ тікұшақ қолданылуда. Аумақ қоршауға алынып, негізгі жолдарға бақылау бекеттері қойылған.
Сонымен қатар, бірқатар елді мекендер мен табиғи аумақтарға, соның ішінде «Губерлинские горы» қорық аймағына кіруге уақытша шектеу енгізілді.
БАҚ мәліметінше, Басалаев бұған дейін заңмен мәселелері болған және қарыздары бар.
Telegram-дағы 112 арнасының хабарлауынша, күдікті – ЛНР-дағы мотожаяу әскер бригадасының бұрынғы әскери қызметкері болуы мүмкін.
Ал Astra басылымы оның «арнайы әскери операция» аймағында болғанын жазады. Мәліметтерге қарағанда, 2023 жылы ол Донецк облысының Ресей бақылауындағы бөлігінде ғана жұмыс істейтін «Феникс» байланыс операторынан SIM-карта рәсімдеген. Алайда оның соғысқа қатысушы немесе «соғыс ардагері» екені әзірге нақтыланбады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.