Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 22 Мамыр 2024

Ресейде стратегиялық емес ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығу басталды

c
Фото: из открытых источников

Ресей әскерлері 21 мамыр күні стратегиялық емес ядролық қаруды ұшыруға дайындық жаттығуларының бірінші кезеңін бастады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. 

Мәскеу бұл жаттығуларды Батыс шенеуніктерінің, соның ішінде Франция президенті Эммануэль Макронның Ресей қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтқан «содырлық мәлімдемелерімен» байланысты екенін айтқан. 

Ядролық сарапшылар бұл жаттығуларды Батыс елдері Украинадағы соғысқа араласуына жол бермеу үшін жасаған Путиннің  ескерту сигналы деп санайды. Батыс елдері Киевті қару-жарақ пен барлау ақпаратымен қамтамасыз етті, бірақ әскер жіберуден бас тартты. Оқу-жаттығуларға Украинамен іргелес жатқан Ресейдің Оңтүстік әскери округіндегі зымыран күштері, сонымен қатар Украинаның қазір Ресей бақылап отырған бөліктері кіреді, деп жазады агенттік.

Жаттығуға өткен жылы Ресей тактикалық ядролық қаруды орналастырып жатыр деп мәлімдеген Беларусь те қатысады.
Тактикалық немесе стратегиялық емес ядролық қарулар жау қалаларын түгел жоюға арналған стратегиялық қаруларға қарағанда қуатты емес, бірақ олардың да жойқын әлеуеті бар.

Кейбір батыстық сарапшылардың пайымдауынша, Украинадағы соғыс басталғаннан бері стратегиялық емес ядролық қару Мәскеу үшін маңыздырақ болды. Теориялық тұрғыдан мұндай қаруды қолдану толыққанды ядролық соғысты тудырмай-ақ Батысқа біраз күйзеліс әкелуі мүмкін, деп жазады Reuters.

Ал, РФ Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығулар аясында «Искандер» жедел-тактикалық зымыран кешеніне оқ-дәрі алу, онымен зымыран тасығыштарды жарақтандыру, зымыран ұшыруға дайындық бойынша белгіленген аймаққа жасырын ілгерілеу сияқты тағы басқа жаттығулар өткізілетінін айтқан. 

Фото: REUTERS

Тегтер: