Әлеумет

Ресейдегі Ozon логистикалық орталықтарына дрон шабуылдады

Ресейдің Краснодар қаласындағы Ozon логистикалық орталығына дрон шабуылынан кейін ірі өрт шықты.

Озон

 Компания қызметкерлері эвакуацияланып, қойманың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Ozon мәліметінше, алдын ала дерек бойынша қойма қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр.

Өртке байланысты бұл орталықтағы тауарларға онлайн тапсырыс беру тоқтатылған. Сатушылардан тауар қабылдау да уақытша шектеліп, логистикалық бағыттар басқа нысандарға ауыстырылмақ.

Краснодар басшысы Евгений Наумовтың мәлімдеуінше, дрон шабуылына тойтарыс беру кезінде оның сынықтары Прикубан округіндегі бірнеше жерге құлаған. Соның салдарынан екі бала қаза тауып, тағы тоғыз адам зардап шеккен. Екі ересек пен жеті бала ауруханаға жеткізілді. Шенеуніктің нұсқасы бойынша, дрон сынықтары жекеменшік балалар орталығына түскен.

Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев дрон сынықтары тұрғын үйлер мен салынып жатқан көпқабатты үйлерге де түскенін хабарлады.

Сонымен қатар Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласындағы Ozon-ның тағы бір ірі қоймасы өртеніп жатыр. ASTRA жүргізген OSINT-талдауға сәйкес, аумағы 93 514 шаршы метр болатын логистикалық орталыққа да дрон шабуылдаған.

Бұл орталық азық-түлік және басқа да тауарларды сақтау, сұрыптау, тапсырыстарды жинақтап, клиенттерге жөнелту үшін пайдаланылған.

Ставрополь өлкесінің тұрғындары түнде жарылыс дауыстарын естігенін хабарлаған. Өлке губернаторы Владимир Владимиров әуе қорғанысы күштері Невинномысскінің өнеркәсіптік аймағына бағытталған дрон шабуылына тойтарыс беріп жатқанын мәлімдеді.

Тегтер: Озон
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз