Әлеумет

Ресейге экстрадициялануы мүмкін шешен белсендісі Алматыдағы СИЗО-да өзіне қол жұмсамақ болды

Шешенстан билігін сынаған белсенді Мансур Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған.

Мансур Мовлаеа

Дәрігерлер оны аман алып қалды. Белсенді Ресейге экстрадициялануы мүмкін екенін айтып, бұған дейін Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

Бұл туралы 15 қыркүйекте «Новая газета Европа» Мовлаевтың халықаралық рәсімдердегі мүддесін қорғайтын заңгер Вадим Дроздовқа сілтеме жасап хабарлады. Белсендіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілген. «Антивоенный комитет России» өкілдерінің мәліметінше, қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. 

Мовлаев оқиға алдында жазба қалдырған. Онда Ресейге экстрадицияланған жағдайда азаптауға ұшырауы мүмкін екенін айтып, ұзақ уақыт бойы қорқынышпен өмір сүргенін жеткізген. Сондай-ақ Қазақстанда қамауда отырған және Ресейге экстрадициялану қаупі бар Юлия Емельяноваға көмектесуді сұраған. 

Қазақстан оған босқын мәртебесін бермеді

30 жастағы Мансур Мовлаев – Шешенстан билігін сынаған белсенді. Оның айтуынша, ол құқық қорғаушылар мен оппозициялық ресурстарға Шешенстандағы адам ұрлау, азаптау және адамдардың із-түзсіз жоғалуы туралы мәлімет беріп отырған. 

Мовлаев 2025 жылғы 13 мамырда Алматыда Ресей жариялаған халықаралық іздеу негізінде ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сол кездегі ресми мәліметіне сәйкес, Ресей оны бопсалау ісі бойынша іздеген. Мовлаевтың өзі тағылған айыпты мойындамайды және істің саяси астары бар деп санайды. 

Ұсталғаннан кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрады. Алайда 2025 жылдың соңында өтініші қанағаттандырылмады. Кейін соттар да бұл шешімді өзгертпеді.

2026 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстанның әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты төменгі сот сатыларының шешімін күшінде қалдырды. Сот Мовлаев Ресейге қайтарылған жағдайда жеке басына қауіп төнетінін жеткілікті деңгейде дәлелдеген жоқ деген қорытындыға келген. Қорғаушы тарап бұл шешімнен кейін оның Ресейге берілу қаупі айтарлықтай өскенін мәлімдеді. 

БҰҰ Қазақстаннан Мовлаевты Ресейге бермеуді сұраған

Мовлаевтың ісіне БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті де араласқан. Комитет Қазақстанға оның шағымы қаралып біткенше Ресейге экстрадицияламау жөнінде уақытша шара қолданған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бұл шара әлі де күшінде. 

Биыл қаңтарда Қазақстанның Бас прокуратурасы Мовлаевты Ресейге беру туралы шешім қабылдаған. Алайда ақпанда Жоғарғы сот босқын мәртебесіне қатысты дау түпкілікті шешілгенше экстрадицияны тоқтатты. Қазір оның қамауда ұстау мерзімі 2027 жылғы 13 қаңтарға дейін ұзартылған. 

Мовлаевтың адвокаттары кассациялық соттың соңғы шешімінен кейін Қазақстанның Жоғарғы сотына шағым түсіргенін хабарлады. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз