Ресейліктерді қаптатқан жоба ҚАНДАСТЫ ҚАЛАЙ ҚАҢТАРДЫ?
Өткен аптада «Астана қаласы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева ұсталды» деген ақпарат тарады. 3 тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы ақпаратты растап, лауазымды полицейге қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сілтеп, істің мән-жайын айтпады. Бірақ кейбір ақпаратқа сүйенсек, полиция полковнигі «заңсыз көші-қонды ұйымдастырды» деген күдікке ілінген. Сондай-ақ тергеу «шетелдік азаматтарға ықтиярхатты заңсыз рәсімдеу әрекетіне байланысты болуы мүмкін» деген ақпарат бар. Яғни заңды жолмен алу оңайға соқпайтын тұрақты тұруға арналған құжат әлдекімдерге заңсыз жолмен берілген сияқты.
Көпшілік бұл хабарды ауыр қабылдады. Ашық ақпаратқа сүйенсек, Мақаева – 20 жылдан аса ішкі істер органында жұмыс істеген маман. Заңның сақталуын қадағалауы тиіс тәжірибелі полицейдің өзі заң бұзса, басқадан не қайыр? Мұндайда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген халық даналығы еске түседі. Кінәсіздік презумпциясын да естен шығармаған жөн. Оның кінәлі-кінәсіздігін сот анықтайды.
Дегенмен де бұл көптен бері айтылып жүрген көші-қон мәселесіне қатысты дауды су бетіне қайта шығарды. Үкімет биыл көктемде «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосқан.
Жаңа ережеге сай, Қазақстанда тұрақты тұруға ниет танытқан шетелдіктер қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндеттелді. Яғни азаматтық, ықтиярхат және қандас мәртебесін алғысы келген адам сынақтан сүрінбей өтуі керек. «Шетелдіктер қазақ тілінен емтихан тапсырады» деген уәж құлаққа жағымды естілетіні рас. Бірақ бұл талаптың қаншалық сақталып отырғаны сұрақ тудырады. Ресми органдар қанша шетелдік қазақ тілінен тест тапсырып, қанша балл жинағаны жайлы еш ақпарат берген емес. Әлеуметтік желіде Қазақстанның көк паспортын алғанын мақтанып айтқан шетелдіктерді көрдік, бірақ оның ешбірі қазақ тілінде сөйлеген емес, өзі келген елдің тілінде сөйлеп, жазып жүр. Ендеше, олар қазақ тілі емтиханынан қалай өтті деген сұрақ туындайды.
Экс-депутат, бұрынғы «Аманат», қазіргі «Әділет» партиясының мүшесі Мұрат Әбенов маусым айының аяғында премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу жасап, жаңа пилоттық жоба шетелден келетін қандастар көшін тежеп, өзге шетелдіктерге жол ашып отырғанын айтқан. Экс-мәжілісменнің сөзіне қарағанда, 2026 жылдың алғашқы жартысында небәрі 3 300 шетелдік қазақ қандас мәртебесін алыпты, ал былтыр 6 айда 7 мыңға жуық адам қандас атанған. Демек, көрсеткіш 2 есе азайған.
Ең қызығы, пилоттық жоба күшіне енгеннен кейінгі 3 айда 13 890 ресейлік Қазақстанда тұрақты тұруға мүмкіндік беретін ықтиярхатқа қол жеткізіпті. Олар енді 10 жыл бойы ел аумағында емін-еркін тұрып, заңды жұмысқа орналасып, жылжымайтын мүлік сатып ала алады. Басқаша айтқанда, Қазақстан азаматымен деңгейлес мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Әбенов қандастарға үлкен кедергі болып отырған «Қазтесттен» 3 айда 14 мың ресейліктің қалай өтіп кеткеніне таң.
Біз Ішкі істер министрлігіне хабарласып, жыл басынан бері қанша адам Қазақстан азаматтығын, қанша адам қандас мәртебесін, қанша адам ықтиярхат алғанын сұрадық. Министрліктің баспасөз қызметінің өкілі сұрақтарымызға жауап беруге уәде етті. Сондай-ақ біз Мұрат Әбеновке де хабарласып, премьер-министрге жолдаған сауалына қандай жауап алғанын сұрағымыз келген. Құрылтай сайлауына қызу дайындалып жүрген экс-депутат жиналыста екенін айтып, жауаптан жалтарды.
Қысқасы, бұрынғы мәжілісмен «3 айда 14 мың шетелдік қалай ықтиярхат алды» деп мәлімдеме жасайды, көп кешікпей, «көші-қонға жауапты астаналық шенді шетелдіктерге заңсыз жолмен ықтиярхат берді» деген күдікпен ұсталады. Бұл екеуінің өзара байланысы бар ма, жоқ па, әзірше белгісіз.
Пилоттық жоба алғаш жарияланғанда қоғам белсенділері мен мамандар «бұл құжат қазақ көшіне бұрын-соңды болмаған үлкен тосқауыл қоюы мүмкін» деп дабыл қаққан. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі алған бетінен қайтқан жоқ. Қазақстан азаматтығын алу барысында қандастарға берілетін жеңілдікті алып тастауға тәуекел етті. Пилоттық жоба қандастар көшін қаңтарып тастағанын қазіргі жағдай анық көрсетіп отыр. Жаңа ереже күшіне енгеннен бері тұтас елде азаматтыққа құжат қабылдау тоқтап тұр. Елге көшіп келген қандастар көктемнен бері не құжат өткізе алмай, не жұмыс істей алмай, сабылып жүр.
«Дәл қазір ешқандай құжат қабылданбайды. Азаматтықа құжат өткізе алмайсыз. Азаматтыққа дейін алынатын қандас мәртебесіне де құжат қабылдап жатқан жоқ. Бәрі тоқтап тұр. Ресми органдарға, көші-қон мекемелеріне барған қандастарға ондағы қызметкерлер «қазір сынақ жоба жүріп жатқанын, құжат қабылдау уақытша тоқтап тұрғанын» айтыпты. Бірақ бұл жерде тағы бір мәселе бар. Құжат болмаса, баланы мектепке беру мүмкін емес. Биыл көшіп келгендер баласын оқуға кіргізе алмай тентіреп жүр, оқу маусымы жақындап келеді. Ал құжат қабылдаудан әлі дерек жоқ. Тіпті қандастарды қабылдайды делінген солтүстік және шығыс облыстарда да құжат қабылдау тоқтап тұр.
Қысқасы, қазақ көшінің қазір жүгі ауып, арбасы сынып жатыр. «Қазақстанға кеттім» деп, екі тонна жүкпен көшіп келіп алып, құжатын реттей алмай, келген жағына қайтып кеткен қандастарды өз көзіммен көрдім. Олар мұнда қоныстанудан, азаматтық алудан әбден күдер үзген соң амалсыз артқа қайтып жатыр. Қандастарды Қазақстанға оралту мәселесі – кезек күттірмейтін маңызды іс деп санаймын. Қандастардың көші-қоны сынақ алаңы емес, ол ешқандай пилоттық жобаны көтермейді.
Мені тағы бір таңғалдыратыны, қандастар көшінің тежелуіне алаңдаған адам жоқ. Бұрын Қабдеш Жұмаділ, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин сияқты ақсақалдар мұндайда үнсіз қалмайтын. Тіпті Қабдеш пен Мағауиннің қазақ көші-қоны жайлы жазған мақалаларының өзі бір кітапқа жүк болатындай екен. Олар қандастар мәселесіне, Қазақстанның болашағына, демографияға қатты көңіл бөлетін. Ал қазір ақсақалдық жасқа жеткен, аузының дуасы бар, халық сөзін тыңдайтын ағаларымыз үнсіз отыр», – дейді ақын Тізімбек Анаш.
2025 жылы қыркүйекте Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, содан бері азаматтық ала алмай жүрген қандаспен де сөйлестік.
«Былтыр отбасымды алып, Алматы облысына көшіп келдім. Жұбайым және 3 кішкентай балам бар – бір үйде бес адамбыз. Қытайдағы үй-жайымызды, мал-мүлкімізді түгел сатып, Қазақстанға біржолата көшіп келгеміз. Алматы облысына орналасып, баспана сатып алдық, балалардың үлкенін мектепке, кішілерін балабақшаға оқуға бердік.
Заңда белгіленген тәртіп бойынша құжат жинап, виза аштырып, қандас куәлігін алдық. Осының бәріне 4-5 ай уақыт кетті. Қандас мәртебесі шығып, ҚР азаматтығына құжат өткізгелі отырғанда ереже өзгеріп, пилоттық жоба пайда болды. Барлық жұмыс тоқтап қалды, биыл наурыздан бері ештеңе істей алмадық, ешбір жер құжат қабылдап жатқан жоқ. Бір жылға арналған С1 визаның мерзімі аяқталуға жақын. Алда не болатынын білмейміз. Қытайдан біржолата көшіп келіп алдық, визасының мерзімі бітсе, ҚР азаматтығын ала алмасақ, жағдайымыз қалай болары белгісіз», – дейді Асқар есімді азамат.
Бұл бір ғана отбасының жанайқайы емес, дәл қазір осындай жағдайда жүрген қандастарымыз көп. Олар ертең не боларын білмей, белгісіз күйде күн өткізіп жатыр. Пилоттық жобаны енгізген министрліктер, тіпті Үкіметтің өзі журналистердің ресми сауалы мен депутаттардың сұрағына нақты жауап бере алмай отыр. Сонда пилоттық жобаны жасаған шенділер оның салдары неге апарып соғарын білмегені ме?!
«Жас Алаш» Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне Е-өтініш палатформасы арқылы сауал жолдады. Енді жауапты органдар «азаматтыққа құжат қабылдау не үшін тоқтағанын» ресми түсіндіруге міндетті.
Көші-қон саласында жұмыс істеп жүрген заңгер Досымбек Мұрат пилоттық жобадағы кедергі қазақ тілінен емтихан тапсыру ғана емес екенін айтады. Оның айтуынша, көшіп келген қандас арнайы сауалнамадан өтуі қажет, сауалнамадан толық ұпай жинаса ғана құжат ала алады. Одан да қиыны, пилоттық жобада шетелден келген қазақ қандас куәлігін алған соң 5 жыл бойы осы статуспен жүруі қажет, содан кейін ғана азаматтық алу мүмкіндігіне ие болады екен. Бірақ қандас куәлігінің күшін жоятын бірнеше негіз бар. Мысалы, сол 5 жыл ішінде есепшотында белгіленген мөлшерде төлем қаражатын растайтын сома болмаса, сондай-ақ жыл сайын еңбек өтілі мен ресми табысын растап тұрмаса, қандас мәртебесінің күші жойылады.
«Бұрын шетелден көшіп келген қазақ қандас мәртебесін алған соң жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде көк паспортқа қол жеткізе алатын. Ал жаңа жоба бойынша қандас мәртебесін алудың өзі қиын. Алғаннан кейін 5 жылға дейін тағы азаматтыққа құжат өткізе алмайды. Бұл – қандастардың келуіне жасалған бөгет. Жаңа пилоттық жоба шыққанға дейін қандас мәртебесін алып алған азаматтардың өзі азаматтыққа құжат өткізе алмай жүр. Көші-қон полициясы олардың құжатын қабылдамайды. Бұл Үкіметтің ҚР азаматтығына құжат қабылдауды уақытша тоқтату жөніндегі бұйрығына байланысты.
Пилоттық жоба биыл жыл аяғына дейін күшінде болады. Бірақ тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Сайлаудан кейін жаңа Құрылтай мүшелері жаңа Ата заңға байланысты конституциялық заңдар мен басқа заңдарды жаңалап бекітеді деп ойлаймыз. Сол кезде көші-қон заңына да өзгеріс еніп, азаматтық қалай беріледі, қандастар не істейді деген сұрақтарға жауап табылатын шығар. Егер қандастардың елге келуіне кедергі жасайтын пилоттық жоба заңға еніп кетсе, ісіміз кері кетеді. Сондықтан 31 желтоқсанға дейін осы пилоттық жобаның күшін жоюымыз қажет», – дейді заңгер.
Пилоттық жоба парадоксқа толы екенін көріп отырмыз. Шетелден көшіп келген азамат түрлі машақатпен қандас куәлігін алады, содан соң 5 жыл осы статуспен жүреді. Қазақстан азаматы бола алмайды, ресми жұмыс істеп, баспана сатып ала алмайды, емделу, білім алу, спортпен айналысу да қиын. Сөйте тұра жыл сайын табысын растап, есепшотында ақша барын көрсетіп отыруы қажет. Одан да маңыздысы, 5 жыл бойы не Қазақстанның, не басқа елдің азаматы емес, «ауада қалықтап» күн кеше ме? Сұрақ көп, жауап жоқ. Шетте жүрген қандастарды елге шақыру – қазақ билігінің тәуелсіздік алғаннан бері жүргізген ең маңызды саясатының бір еді. Енді, міне, дау болған пилоттық жоба осы уақытқа дейінгі еңбекті еш етуге шақ тұр.
Қуаныш ҚАППАС