Шекарадағы ауыл жойылудың алдында тұр
Жетісудың шығысында, Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан Ақтөбе ауылы бір қарағанда табиғаты тамылжыған, мал шаруашылығына қолайлы қоныс болып көрінеді.
Бірақ ауылға апаратын жолға түскен адам бұл өңірдің табиғаты мен тіршілік тынысы арасында жер мен көктей парық барын бірден байқайды. Өйткені Ақтөбеге жеткізетін 16 шақырымнан аса жолдың әбден тозығы жеткен. Ал ауылды сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз көпірдің жағдайы тіптен мүшкіл.
"Жас Алаш" редакциясына Ақтөбе ауылының тұрғындары хабарласып, арыз-шағымын жеткізді. Ауыл тұрғындары жол мен көпірдің жайын айтып, жоғары-төменге шағымданып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Белсенді азаматтар республикалық басылымдарда мақала жариялап, премьер-министр Олжас Бектеновке ашық хат жазған. Осының бәрінен еш нәтиже болмаған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұжымдық өтініш дайындап отыр.
Ақтөбе ауылы Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Суықсай ауылдық округіне қарайды. Бұл ауыл 1930 жылы № 332 "Ақсу" қой совхозы болып құрылған. Кезінде 30 мың бас қой өргізген ірі шаруашылық орталық болыпты, тіпті үлкен сүт фермасы жұмыс істеген. Бірақ қазір ауылдың жағдайы мүшкіл. Ең алдымен, округ орталығынан Ақтөбеге баратын 16,7 шақырым жол әбден тозған. Көп жерін су шайып, орып кеткен. Осы жолдың 6 шақырымын жол таңдамайтын көлікпен ғана жүруге болады. Ақсу өзеніне түсіп-шығатын тік шатқал "барсакелместің" жолына айналған. Жол ережесі бойынша асудағы тік өрлеу мен еңіс мөлшері 12 пайыздан аспауы керек, ал бұл жолдағы 4 шақырым учаскеде бұл көрсеткіш – 20 пайыз. Дәл осы жерде жол апаты жиі болып, салдарынан жыл сайын кісі өлімі тіркеледі.
Сенесіз бе, дәл осы қорқынышты жолмен күн сайын балалар мектепке барады, осы жолмен ауылға жедел жәрдем келеді, дәл осы жолмен нан, көмір, құрылыс материалын тасыған машина келеді, дәл осы жолмен ауылда дайындалған мал өнімдері сыртқа шығады. Демек, бұл жол ауылдың экономикалық жағдайы мен әлеуметтік өміріне тікелей әсер етіп отыр. 16 шақырым жол Астана мен Алматы үшін бірнеше шағын көшенің ұзындығы ғана шығар, ал бұл цифр Ақтөбе ауылы үшін бүкіл әлеммен байланыс көзі болып отыр.
Одан да қиыны, ауылға апаратын жол ағыны қатты Ақсу өзені арқылы өтеді. Өзен үстіне 1968 жылы салынған ағаш көпір сүйегі сықырлап, құлаудың аз-ақ алдында тұр. 2025 жылы Жетісу облысы ТЖД бұл көпірді апатты жағдайда деп қаулы шығарған. Бірақ жергілікті шенділер оны жөндеуге құлық танытпай отыр. Ескі көпір үстінен жүк көліктері өте алмайды. Сондықтан ауылға жем-шөп, көмір, құрылыс материалын әкелген машина оның бәрін көпірдің арғы бетіне төгіп кетеді. Ал тұрғындар оны үйді-үйіне қолмен тасуға мәжбүр болады.
Яғни ХХІ ғасырда Қазақстан азаматтары аса қауіпті шатқал жолмен жүріп, құлағалы тұрған көпірден өтуге мәжбүр. Ал мұндай мәселені шешу жергілікті биліктің қолынан келмейді. Ақтөбе тұрғындары мәселені мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте жеткізгенін айтады. Аудан әкімдігіне, прокуратураға, облысқа, Үкіметке, Парламент Сенатына дейін өтініш жазған. Бұқаралық ақпарат құралдарында көтерген.
Осының ішінде премьер-министрге жазған ашық хаттан кейін ғана сәл өзгеріс болған. Тұрғындардың қолындағы құжатқа сүйенсек, Бектеновке хат жазған соң көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Онда құрылыс жобасының жалпы құны 948,5 млн теңге деп көрсетілген. Яғни қазір жаңа көпірдің жобасы дайын, енді құрылысқа қаржы табу қажет.
Бұл мәселені жергілікті атқамінерлер жақсы біледі. Белсінді азаматтардың мұрындық болуымен Ақтөбеге Ақсу ауданының әкімі, өңірлік мәслихат депутаттары, "Аманат" партиясы (биыл "Әділетке" қосылды) Жетісу облыстық филиалының өкілдері барған. Шаңы шыққан жол мен жан шошитын қауіпті көпірді көздерімен көрген. Бірақ ешбірі құрылысқа қаржы бөлдіре алмапты. Керісінше, "ауылдың болашағы жоқ, тұрғындарды басқа жаққа көшіру қажет" деп алақан ысқылап отырған көрінеді.
"Ауылдың жайын 4-5 жылдан бері көтеріп жүрмін. Бірақ биліктің уәжі бөлек. Олар жол мен көпірді жөндемей, ауылдан адамдарды көшіруге тырысып отыр. Ауылға өмірі аяқ баспаған аудан әкімі Берік Тынышбаев пен прокурорларды алып барғанмын. Сонда осы шенділер ауылды жауып, халықты көшіру қажет екенін айтып кетті. Бірақ ұзақ жыл мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан ақтөбеліктер ауылдан көшуге дайын емес. Сондықтан көпірді салу керек. Көпірге түсетін асуды да жөндеу қажет. Онда жол апаты көп болады. Бала кезімде мен мінген машина да аударылып, Құдай сақтап, аман қалғанбыз.
Қазір ауыл тұрғындарының көбінің үйі әбден тозған, көбі өткен ғасырда салынған үйлер. Ал ол үйлерді жөндеу үшін ауылға құрылыс материалдарын жеткізу қажет. Ана асу мен көпір жөнделмесе, құрылыс материалын жеткізу қиын. ТЖД өкілдері көпір жарамсыз екенін растап, анықтама беріп отыр. Ауылымыз керемет. Шаруашылық бар. Бүкіл Суықсай округіне қарайтын ауылдар бізден шөп алып отыр. Биік тауда орналасқан ауыл. Табиғаты тамаша. Нағыз курорт ашатын жер. Әттең, жол жоқ. Көпір салып, жолды жөндеп берсе, ауыл халқы өз күнін көрер еді. Тіпті басқа ауылдан адамдар көшіп келер еді", – дейді Ақтөбе ауылының тұрғыны Жұмағали Кебекбаев.
35 жылда 2 мыңға жуық ауылдан айырылдық
Қазақ билігі халық саны азайған елді мекенді "болашағы жоқ ауыл" деп, таратып жіберетін әдет тапқан. Әртүрлі деректер бойынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 2 000-ға жуық ауыл біржола жабылып, картадан жойылған екен. Бұрынғыны айтпағанда, 2025 жылдың өзінде 83 елді мекен таратылды. Сондай-ақ тағы 100 ауыл "болашағы жоқ" елді мекендер тізімінде тұр екен. Елімізде жыл сайын ондаған ауыл осы уәжбен жойылып жатыр.
Қалыптасқан норма бойынша, халқы 50 адамнан аспайтын шалғай елді мекендерге бюджеттен қаржы бөліп, инфрақұрылым тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп саналады. Бірақ біздің шенділер шаруасы шатқаяқтай бастаған ауылдарды аман алып қалуды еш ойламайды, бірден таратып жіберуге дайын тұрады. Халық ауылдан неге көшеді? Инфрақұрылым дамымаса, жұмыс жоқ болса, білім беру мен денсаулық сақтау саласы нашар болса, көшеді. Демек, осы кемшіліктерді түзеп, жағдай жасаса, кей ауыл жойылмай, аман қалуы әбден мүмкін.
Мысалы, біз сөз етіп отырған Ақтөбе ауылында 100-ге жуық адам тұрады. Ауыл азаматтарының айтуынша, мыңдап мал өсіріп, шаруасын шалқытып отырған отбасылар аз емес. Оның үстіне тұмса табиғаты туризмді дамытуға сұранып тұрғаны тағы бар. Демек, мұндай ауылды таратуға асықпаған жөн. Ақтөбе ауылынан халықтың көшуіне 60 жылдан бері жөнделмеген көпір мен тозығы жеткен жол себеп болып отыр. Яғни 16 шақырым жол ауылдың тағдырын шешіп тұр.
Осы проблемалардың ешбірін шешпей, "ауылда адам азайды" деп қол қусырып отыру қаншалық әділетті? Біз Ақтөбе ауылының мәселесіне қатысты Жетісу әкімдігіне "ауылдың болашағы жоқ болғандықтан, жол салынбай жатыр ма, әлде жол салынбағандықтан, ауылдың болашағы жоқ болып бара ма?" деген сұрақ қойғымыз келеді.
Қазір Ақтөбе ауылында мектеп пен медпункт жоқ. Тұрғындардың айтуынша, аудан әкімдігі 2024 жылға дейін медициналық көмек көрсету мәселесін шешуге уәде еткен. Бірақ бұл проблема 2026 жылға дейін шешілген жоқ. Мұндай жағдайда ауылда жастардың тұрақтап қалуы қиын. Ал жастар кетсе, мектеп жабылады. Мектеп жабылса, жас отбасылар көшеді. Халық азайса, дүкен, медицина, көлік қатынасы секілді басқа да қызметтерді ұстау тиімсіз бола бастайды. Сөйтіп ауыл біртіндеп жойылады. Мұны табиғи құбылыс емес, биліктің тиімсіз әрекетінің жемісі деп бағалау қажет.
Шекараны кім күзетеді?
Жетісу әкімдігі Ақтөбе ауылының мәселесін тұрғындарды көшіру арқылы шешпек. Бірақ тұрғындар бұған қарсы. Біріншіден, бұл олардың туып-өскен атақонысы. Оны тастап кетуге қимайды. Екіншіден, ауылда шаруашылық жүргізуге мүмкіндік мол. Суықсай ауылдық округінің жайылым жоспарына сүйенсек, Ақтөбе ауылының аумағында 9,3 мың гектардан аса жер бар. Яғни ауылды сақтап қалуға табиғи және шаруашылық тұрғысынан мүмкіндік бар. Басты проблема, шенділер осы мүмкіндікті пайдалануға жағдай жасамай отыр.
Ақтөбе тұрғындары биліктен жол, көпір, медициналық пункт, тұрақты ауыз су мен электр жарығын сұрап отыр. Бұл мемлекеттің қолынан келетін шаруа. Жағдай жасалса, Ақтөбе сияқты шеткі ауылда адам көбейіп, шекарамыз шегенделе түсер еді. Біз жоғарыда 35 жылда 2 мыңға жуық ауыл картадан жойылғанын айттық. Соның 80 пайызы Солтүстік Қазақстан, Павлодар сияқты Ресеймен шекаралас облыстарға тиесілі екен. Яғни солтүстіктегі шекарамыз жыл өткен сайын алаң-ашық қалып барады деген сөз.
Ақтөбе ауылы Қытаймен шекарада орналасқан. Сондықтан оның тағдырын ауданның әлеуметтік мәселесі ретінде ғана қарамаған жөн. Шекара маңындағы елді мекендерде халықтың тығыз қоныстануы мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қазақстанның әр түкпіріндегі шекаралық ауылдарда адам саны азайып, инфрақұрылым әлсірей берсе, оның салдары біз ойлағаннан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Мұны сақтық үшін айтып отырмыз. Қазақтың "бос жатқан жер жау шақырады" деген сөзін естен шығармаған жөн.
Ақтөбе тұрғындарының өтініші қарапайым. Біріншіден, 16,4 шақырым Ақтөбе-Ащыбұлақ жолына инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу. Бұған 30 млн теңге қажет. Екіншіден, жобасы дайын тұрған көпірдің құрылысын бастау үшін 948,5 млн теңге көлеміндегі қаржыландыру мәселесін шешу керек. Үшіншіден, ауылдағы медициналық көмекті қалпына келтіру қажет. Төртіншіден, тұрақты ауыз су және электр жарығымен қамтамасыз ету.
Біз Ақтөбе ауылын Қазақстандағы "болашағы жоқ" деген желеумен жойылып кеткен немесе жойылу алдында тұрған көп елді мекеннің ортақ бейнесі ретінде жазып отырмыз. Билік мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы, туризмді дамытуға тиімді, оның үстіне шекарада орналасқан ауылды таратып жібергелі отыр. Сөйтіп кезінде қорасынан 30 мың қой өрген ауыл қаңырап бос қалмақ. Бірақ мемлекет шекарадағы ауылды сақтап қалуға тырысқаны жөн. Өйткені шекарадағы ауылдың шырағы сөнсе, оны қайта жағу қиынға соғады…
Қуаныш Қаппас