Республика күнінде жетісулық еңбеккерлер марапатталды
24 қазан күні Талдықорғанда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтіп, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін 35 еңбек адамы марапат алды. Салтанатты рәсім Б. Римова атындағы драма театрында өтті.
Өңір басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, осыдан 35 жыл бұрын қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи рөліне тоқталды.
«Сіздерді Республика күнімен және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл құжат – біздің мемлекеттік егемендігіміздің іргетасы, елдігіміздің бастауы. Сондықтан оның еліміздің дербестігін айқындаудағы маңызы зор. Ендігі міндет – бейбітшілік пен бірлікті сақтай отырып, қол жеткізген жетістіктерімізді еселеу», – деді Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы кейінгі үш жылдағы облыс жетістіктерін атап өтіп, бұл табыстарға ел тәуелсіздігі мен халық бірлігінің арқасында қол жеткізілгенін айтты.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жетісулық еңбек адамының еңбегі ел көлемінде мойындалғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Талдықорған жылу сервис» мекемесінің слесарі Марат Мергенбаев Астанада президенттің қолынан мемлекеттік награда алған.
Жиында түрлі сала өкілдері – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық және жол шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау және кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Вадим Друзин, Алакөл ауданының «Қалқаман» ШҚ басшысы Болатбек Қапсаламов, «Сарқан жылу» МКК жүргізушісі Қанапия Тұқымбеков, Кербұлақ ауданының «Қызылжар» кооперативі басшысы Айдын Нұртазин, «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС электромонтері Александр Винокуров, «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Төлемісова, «Алакөл жолдары» ЖШС жүргізушісі Сергей Болдырев, Ескелді ауданының шаруашылық басшысы Рустам Вахитов, Ақсу ауданының мұғалімі Айнагүл Жиенбаева, Сарқан ауданының шаруашылық жетекшісі Кенжетай Тазабекова, Талдықорған музыкалық колледжінің оқытушысы Гүлзифа Рахымханова және басқа да еңбек озаттары бар.
Марапат иелері де сөз алып, өз ойларын ортаға салды. «Маған ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені берілді. Бұл үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Мемлекет басшысына еңбек адамдарына қамқорлық танытқаны үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Қанапия Тұқымбеков.
Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған Текелі қаласының тұрғыны Александр Винокуров: «Текелі тау-кен өңдеу кешенінде 13 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды электрик болып бастап, кезекші электромонтерге дейін көтерілдім. Жұмыс оңай емес, артылар міндет өте жауапты. Бірақ қазір көп процестер автоматтандырылып жатыр. Еліміздің игілігі үшін бұдан былай да жұмыс істей беремін. Бүгінгі марапат мен үшін жағымды тосынсый болды», – деді.
Сондай-ақ Көксу ауданынан келген жеке кәсіпкер Қатира Күзбаева кәсіпкерлік саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, сол еңбегі еленіп, «Шапағат» медалін алғанын үлкен қуаныш ретінде қабылдағанын баяндап берді.
Салтанатты рәсім соңында облыстың өнер ұжымдары мен әртістері дайындаған мерекелік концерт өтті.
Еламан Өмірхан
Жетісу облысы