Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болып алты адам зардап шекті
Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болып алты адам зардап шекті.
Төтенше жағдай Риддер ЖЭО кәсіпорнында 21 желтоқсан күні таңғы сағат 4:39-да болды, деп хабарлады жергілікті әкімдік.
«Алты адам зардап шекті, олардың барлығы ауруханада, жағдайы тұрақты»,
деді облыс басшысы.
Әкімдіктің хабарлауынша, төтенше жағдай Риддер ЖЭО конвейерлік лентасының учаскесінде жоспарлы жөндеу-монтаждау жұмыстары кезінде орын алған.
Риддер қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, жылу электр орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Үйлердегі температура қалыпты шектерде сақталады. Ал, Риддерде сыртқы ауа температурасы 4 градус. «Шығыс Жылу» АҚ мамандары қаланы жылумен қамту жүйесін тексеріп, реттеп жатыр, соның салдарынан «желідегі қысымның уақытша аздап төмендеуі мүмкін».
Айта кетейік, бұл Риддер ЖЭО-дағы бірінші төтенше жағдай емес. Өткен көктемде энергетикалық инфрақұрылым нысанында алдымен бірден екі қазандықтан өрт шығып, бірнеше күннен кейін жарылыс толқыны салдарынан құрылымдар опырылып құлаған. Қалада аймақтық төтенше жағдай жарияланды.