Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 09 Шілде 2024

Рим Папасының реніші немесе Қазақстандағы демографиялық саясат

Рим Папасы Франциск І
ашық дереккөз

Италия Республикасы 60 миллионға жуық халқы санымен әлем бойынша 71 орынды алып отыр (жері көлемі – 301 340 км², әлем бойынша 72-орында). Қазақстанның территориясына 9 Италия сыйып кетеді екен. Осы көрсеткіштерге қарамай, Италия патриоттары халықтың өсімі өте төмен деп дабыл қағып жатыр.

 Тіпті католик шіркеуінің басшысы және бүкіл әлем бойынша 1,3 миллиард католиктерінің рухани жетекшісі Рим Папасы Франциск І-ші итальяндықтарды көпбалалы болуға және оларды отбасында үй жануарларына алмастырмауға шақырды. Төмен туу көрсеткіші Италияның ең күрделі проблемаларының біріне айналды және билік бұл экономиканың күрт құлдырауына әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді.

Жуырда понтифик Италиядағы демографиялық дағдарысқа арналған конференцияға қатысқанда, бір әйел сөмкесін ашып, одан «баласына бата беруін» сұраған. Байқаса, сөмкеде бала емес, кішкентай ит бар екен. «Қазір көп бала аштан өліп жатыр. Неге маған ит әкелесің?» деп, Папа айрықша кейігенін білдірген. 

Понтифик өз сөзінде туу көрсеткішінің төмендеуі жастардың болашаққа деген сенімін жоғалтып, белгісіздікке бой алдыратынын меңзейтінін айтқан. Рим Папасы Франциск І-ші Италиядағы демографиялақ дағдарысқа байланысты алаңдаушылығын білдіргендігіне сай италияндықтар осы өзекті мәселеге назарларын аударып, үлкен ықыласпен құп қабылдайтыны сөзсіз. Өйткені Рим Папасының беделі қашанда зор. 

Ал жер көлемін салыстырғанда Қазақстан Италиядан 9 есе үлкен, бірақ халық саны бойынша үш есе аз. Осы тұрғыда, біз алаңдайтын жайт аз емес, өйткені еліміз ғаламат байтақ жерді алып жатса да, халқымыз өте аз, ал өсімі өте төмен. Оған қоса, көптеген азаматтарымыз шекара асып, шет мемлекеттеріне кетіп жатқанын еске алсақ, жалпы алғанда осылардың бәрі қынжылтатын жағдай. Халқымыздың отбасы саясатына байланысты тұрмысындағы ертеден қалыптасқан дәстүріне сай бір шаңырақта көбіне екі бала (бірі ұл, бірі қыз), тіпті бір-ақ бала кезігетінін көзімізбен көріп жүрміз. Әрине, олардың амандығын берсін, бірақ бұл «дәстүрмен» халықтың өсімі болмайды. Сонымен қатар күннен-күнге жасөспірім қыздар мен әйелдердің оқуға деген ынтасы мен білімінің деңгейі өсіп келеді, бұл олардың перзенттерді дүниеге әкелуді кейінге қалдырудың елеулі себептерінің бірі болып табылады. 

Оқыған аналардың жасы ұлғайған сайын, көпбалалы болу ықтималдығы да төмендейді. Білім денгейі биік әйелдер өздерінің рухани еркіндігі мен биік санатын аңғарғандықтары, соған сай іс-әрекет жасайтындықтары анық байқалады. Көбіне осыған байланысты олар нәрестелерді дүниеге әкелу, не әкелмеу мәселесін өздерінің шешімдеріне бағындырады. Бұның салдарынан қыз-келіншектер бірінші баланы дүниеге әкелуді кейінге қалдырады. Ал ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда әйелдер денсаулығы үшін ең жақсы репродуктивті жылдар 18 бен 25 жас аралығы болып саналады. Осы жас аралығындағы жүкті болған әйелдердің балаларының да денсаулығы жақсы болады екен. Ұлы Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала деген» деп бекер айтпаған. Сол қызықты уақытымен сезінуді кешіктірмеген жөн. Ал Қазақстанда соңғы жылдары босанатын әйелдің жасы 25-тен 29-ға дейін ұлғайған. 

Әлбетте, аталған құбылыс әрқашан отбасы санының қысқаруымен бірге жүретін урбанизацияның қарқынды процесімен де байланысты. Сондықтан қалаларда балабақшалардың санын мейлінше көбейтіп, көпбалалы отбасыларға арналған көп бөлмелі пәтерлерді салуды кешіктірмей қолға алу дұрыс болар еді. Бұл жағдайлар үкіметімізді күрт ойландырып, халқымыздың өсімін көбейтуге бағытталған ауқымды шараларды іске асыратынын үміт етеміз. 

Әрине, бұрыннан Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдаудың ауқымды жоспары іске қосылған. Олардың қатарында мемлекет тарапынан жасалатын жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту шаралары, салық салу жеңілдіктері қамтылған. Бірақ бұл шараларды жан-жақты жетілдіру мен көбейту мақсаттары ойдан шығарылмауы абзал.Айрықша атап өтер болсақ, көбіне көпбалалы отбасының балалары мейірімді, бауырмал, тәрбиелі, көпшіл, өмірдің қиыншылықтарына төзімді, қоғам және заман талаптарына бейімді болып келеді. 

Әрине, бұл қауым құптарлық жағымды ерекшеліктер. Ал енді осы күрделі демография мәселелері төңірегіндегі ой-пайымымызды көрші де бауырлас Өзбекстанды үлгі ете, салыстырмалы ақпараттарға көңіл бөлейік. 2024 жылдың мамыр айындағы ақпарат бойынша 

Өзбекстан Республикасының халқы 37 миллион дерлік адамды құрап тұр. Қызығарлық керемет көрсеткіш. Бұл еліміздегі қазақтар санынан 3 есеге жуық көп. Дегенмен осы көрсеткішке таңырқағанымызбен, келмеске кеткен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша КСРО-да 3 968 289 қазақ, 3 475 340 өзбек азаматы есепке кірген. 

Демек, ол кезде қазақ өзбектерден 492 949 адамға көп болған. Ал қазіргі жағдайда, Өзбекстан абсолютті демографиялық өсім бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Әсіресе қыстақ (өзбекше «qishloq») тұрғындары ұстаған әлеуметтік дәстүрлі ата салтына сүйенген қағидаларына сай құралған түсінік бойынша мүшелері мол (көбіне, әр шаңырақта 10 баладан) үлкен жанұя өзбек санының өсуі мен көптігі статистикасын айтарлықтай жақсартады және бұл үрдіс күшті демографиялық серпін беріп келе жатқаны айқын. Сонымен қоса, өзбек халқының менталитетіне сай, бойжеткен қыздардың ұғымдық ұстанымдары бойынша, 18-ге жеткен олар уақытылы тұрмысқа шықпауы «ұят» саналады екен. Бұл ой-мақсат олардың отбасына деген құрметін, ыстық ықыласы мен балаларды өсіруге бағытталған ынталарын білдіреді. Өте тамаша! Осындай жағымды талпыныс оларға әке-шешелерінің жастайынан қалыптастырған тәрбиесінің нәтижесі. 

Халықтың санын өсіруге бұл жағдай да үлкен ықпал ететіні анық. Өзбек халқының игілікті ата дәстүрлері мемлекет азаматтарының санының өсуіне үлкен ықпал етіп отырғаны анық. Қазақстан үкiметiнiң 2000 жылғы 17 тамыздағы №1272 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасы мемлекеттік демографиялық саясатының тұжырымдамасында: «Демографиялық саясаттың мақсаты – демографиялық процестердегi жағымсыз тенденцияларды жою, құлдырап азаюды болдырмау, ел дамуының ұзақ мерзiмдi стратегиясына сәйкес халықтың сандық және сапалық өсуiн қамтамасыз ету» деп көрсетілген. 

Осыған орай, демографиялық саясатты iске асыру кезiнде мемлекеттiк өкiмет органдарының алдында халықтың өсiп-өнуімен қоса олардың денсаулық жағдайын жақсарту, өмiрдiң ұзақтығын ұлғайту, тууды тұрақтандыру және халықты ұдайы көбейтудi арттыру, отбасының тыныс-тiршiлiгiн жақсарту және нығайту, экологиялық зiлзаланың жағымсыз зардаптарымен күресу мiндеттері қойылған. Сонымен, қолданыстағы заңда мемлекет қызметкерлерінің құзыретіне сай осындай игілікті істерді жүзеге асыру шаралары жауапты парыз ретінде белгіленген. Нақыпбек 

Сәдуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист