Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:25

Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыру ұсынылды

Мағауин
Фото: magauin.com

Бұл бастаманы танымал әлеуметтік желі қолданушысы Бота ДН бастады. «Қатты толғанғандардың ішінде билікте болған, жақын жүргендер де аз емес. Демек, көпіре салмай, шындап, құлшына кіріссе, іске асыруға болатын шара» дейді қолданушы.

Қолданушы: «Мұхтар Мағауин өзінің жер бетіндегі тіршілігі тоқтаған соң, қазақ үшін қол жетпес әулие, ұлы адамға айналатынын біліп, айтып кеткен.

Өзінің шексіз сүйген халқының мінез-құлқын білгендіктен, тірісінде “ Мен” деп қасқайып тұрып , күндей жандыра, шыжғыра айтты. Ал, 99.9% қазақ күнге тура қарай алмай, жасқанып, жанарын жерден алмады. Күңкіл, сүңкілден аспады. Ұлы, қайталанбас құбылыс, шамшырақ екенін біле тұра , айта алмады. Қалай айтсын. Ет пен сүйектен тұратын адамға өзінен миллион есе асып туғанын көзі тірісінде айтып, мойындау деген бүгінгі қазақ үшін көзсіз ерлік, өте қиын жағдай. Енді болады. Қалай мақтасаң да болады. Өйткені ол жоқ. Шақырайып тұрып, көзін қарықтырмайды. Тылсымға айналды. Алыптың жасында тозаң құрлы құны жоқ екенін сезетін ергежейлілер қорланбайды. Өз сөздерін тамашалай, іштей “ қалай көсілдім” деп масайрап, жұртының тез әсерленіп, тебірене қалып, көздері жасаурайтынынан ләззат алу деген сияқты рахатқа бөленеді. Көпірме сөз жарысы басталып кетті, көп ұзамай, шаңы бұрқырап барып тоқтайды.
Мүмкін, таңғаларлық жағдай да болар. Тоқтамас. Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне мысалы , ұзындығы 7000 метр Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар.

Розыбакиев деген ұлтқа қандай еңбегі сіңгені белгісіз біреу. ВК анықтамасында Жетісуда келмеске кеткен Совет өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, Әскери революциялық комитеттің мүшесі деп жазылыпты. Ну и что)) 

Жарқыратып Мағауин орталығын аштырсын. Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын. Кітабын қолына ұстап көрмеген ақ, қара, сары нәсілділер “ бұгім екен” деп, ең құрымаса википедияны ашып қарауы сөзсіз, ары қарай қызығып оқып, санасынан саңылау ашылуы да мүмкін.

Насихатталсын. Мұхтар Мағауиннің әрбір сөйлемі өз алдына өмір сүре алатын қанатты, мағыналы. Мектеп оқу бағдарламасына енгізіліп, талданып, оқытылсын. Өшпес еңбектері экрандалсын. Қатты толғанғандардың ішінде билікте болған, жақын жүргендер де аз емес. Демек, көпіре салмай, шындап, құлшына кіріссе, іске асыруға болатын шара.

«Темірді қызған кезінде соқ» дейді ғой, бүгінгі істейтін жұмысты ертеңге қалдырмау керек.

Сиырқұймышақтанып кетіп, Жаңа Қазақстанды құрып жүргенде, 22- ғасыр еншісіне қалып кетер» деп жазды.