Саясат

Румыния парламенті Молдовамен бірігу туралы заң жобасын келесі кезеңге өткізді

Румыния парламентінің Депутаттар палатасы Румыния мен Молдованы біріктіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжат енді парламенттің жоғарғы палатасы – Сенаттың қарауына жіберіледі.

Молдава парламенті

Заң жобасын SOS Romania партиясы ұсынған. Ол «үнсіз қабылдау» (silent adoption) тәртібімен мақұлданды. Бұл рәсім бойынша, егер заң жобасы 45 күн ішінде парламенттің жалпы отырысында қаралмаса немесе кері қайтарылмаса, автоматты түрде қабылданған болып есептеледі.

Құжатта Румыния парламентіне Молдовамен бірігу туралы шешім қабылдау, сондай-ақ үкіметке Кишинев билігімен бірігу үдерісін ресімдеу жөнінде шұғыл келіссөздер бастау құқығын беру ұсынылған.

Биыл қаңтарда Молдова президенті Майя Санду де елдің Румыниямен бірігу идеясын қолдайтынын мәлімдеген. Ол The Rest is Politics подкастына берген сұхбатында бұл мәселе бойынша референдум өткізілсе, бірігуді қолдап дауыс беретінін айтқан.

Сандудың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Молдова сияқты шағын мемлекетке тәуелсіз демократиялық ел ретінде дамып, сыртқы қысымға, әсіресе Ресей ықпалына қарсы тұру барған сайын қиындап келеді.

Соңғы жылдары, әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс аясында, Молдовада Румыниямен бірігуді қолдайтындар саны артқан. 2026 жылғы наурыздағы әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, Молдова тұрғындарының шамамен 42 пайызы бірігуді қолдайды, 47 пайызы қарсы. Ал Румынияда бұл идеяны халықтың шамамен 72 пайызы құптайды.

Әртүрлі бағалаулар бойынша, Молдованың шамамен 2,4 миллион тұрғынының үштен бірінен астамы Румыния азаматтығына да ие. Қазіргі таңда Румыния Молдованың ең ірі сауда серіктесі саналады. Сонымен қатар Бухарест Кишиневке Ресейдің энергетикалық тәуелділігін азайтып, еуропалық энергетикалық жүйелерге қосылуға қолдау көрсетіп келеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз