Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 05 Сәуір 2024

Сәденов сарбаздары халықты тоқпен соғып, жұдырықпен ұрады

1
Фото:

Қазақстанда 2020 жылы құқық қорғау органдарын реформалау басталған болатын. Бұл реформаның басты міндеті – адам құқығы, әділеттілікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. 

Бірақ жаңа Қазақстанның полициясы бәрібір ескі тәсілмен жұмыс істеп жатыр ма деп қаласың. Оған біз жазып отырған екі кейіпкеріміз дәлел бола алады.

Атырау қаласының мұғалімі Арман Нұғмановты былтыр желтоқсан айында көлік жүргізіп келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтатқан. Сақтандыру құжаты жоқ болғаны үшін қолына кісен салып, 16 сағат қамауда ұстаған. Оған қызметтік этикаға сай келмейтіндей дөрекі сөйлеген. Ал екінші кейіпкеріміз Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны Нәрзілдә Сапарбайды да дәл осылай полиция қызметкерлері тоқтатып, оған күш қолданған. Электрошокермен бірнеше рет соққан, жұдырық жұмсаған. Атырау тұрғыны да, Жетісай азаматы да ішпеген және жол ережесін бұзбаған. Бірақ екеуіне де 667-бап, яғни заң талабына бағынбады деген айып таққан. Екі азаматтың бірі сотта ұтса, екіншісі кінәлі ретінде айыппұл төлеген...

Атырау полиция қызметкерлеріне сөйлесеңіз, қолыңызға кісен тағып, қамап тастайды

Атырау қаласының тұрғыны, мұғалім Арман Нұғманов 2023 жылы 20 желтоқсан күні түнде көлік жүргізіп келе жатқанда полиция қызметкерлері артынан қуып келіп, тоқтатқан. Алғашында Арман «жолақ басып кеттім бе, әлде қандай да бір жол ережесін бұздым ба» деп ойлаған. Бірақ кейіннен ешқандай жол ережесін бұзбағаны белгілі болған. Полицейлер алдымен сақтандыру құжатын сұраған. Арман электронды нұсқасын ұсынған. Бірақ полиция қызметкерлері база істемейтінін айтып, ЖСН-ін сұраған. Дау осы жерден басталған.

Арман

Арман Нұғманов, Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің «Өнер» мамандығының оқытушысы:

«ЖСН нөмірімді сұраған кезде не болғанын түсінбей, не үшін тоқтатқанын сұрадым. Осы сұрақтың арты дауға айналып кетті. Соңы 667-бап бойынша мені көліктен түсіріп, қолыма кісен тақты. Кісен таққаннан бұрын маған дөрекі сөйледі. Оның бәрі мен түсірген видеода көрініп тұр. Содан көлігімді айып тұрағына қойды, нөмірін шешіп алды. Жалпы жүргізушіні тоқтатудың 8 себебі бар. Бұл жерде оның біреуі де болған жоқ. Сөйтіп, себепсіз 16 сағат бойы ұстады. Қылмыскер сияқты қамап қойды. Наркодиспансерден тексеруден өткізді. Әрине, ештеңе таба алған жоқ. Барынша бір себеп табуға тырысты. Тапса аямайтыны көрініп тұрды. Кейіннен сот болды. Басында олар да кінәлі еткісі келді. Әртүрлі себеп іздеді. «Бір ережені бұзған шығарсың, мойындай сал» дегенге дейін барды. Мен өзімнің талабымнан айнымадым. Себебі ешқандай заңды бұзбағанымды біліп тұрмын. Сонымен сот ешқандай ілік таба алмағаннан кейін, біздің пайдамызға шешім шығарды. Түптеп келгенде, 667-баптың маған негізсіз қолданылғанын дәлелдеп шықтым», – дейді Арман Нұғманов.

Сот кейіннен Атырау полиция департаментіне «қызметкерлеріңіз Тұрсынғали Исатай мен Милат Әбужановқа шара қолданыңыз» деген хат жолдаған. Арман Атырау полиция департаментінің оларға шара қолданғанын, я қолданбағанын білмейді. Ізіне түсіп, арыз жазбаған, оған азаматтық ары жібермеген. Тек кейіннен Атырау полиция департаментіне шақырған кезде бұлай болмайтынын ескертіп, шара қолдануын сұраған.

«Жалпы, мен өмір бойы ұстаз болған адаммын. 12 жылдан бері балаларға өнер бағытында сабақ беремін. Спортты сүйемін, ережесіз жекпе-жекпен 12 жыл айналыстым. Түрлі жарыстарға да бардым. Полиция қызметкерлері өздерін бандит сияқты ұстады. Форма кидім, мен үстеммін деген сөз емес қой. Көшедегі бұзық жігіттер сияқты сөйлейді. Егер үстерінде форма болмаса, әңгіме басқаша болатын еді. Мен оларды тәртіпті бақылайтын полиция қызметкерлері деп сыйлап тұрдым. Ал олар сыйлаған сайын басқа шықты. Мен соған күйіндім. Адамның бұлай ар-намысына тиюге, құқығын таптауға болмайды», – дейді атыраулық мұғалім.

Бұл мәселе бойынша Атырау полиция департаментіне де хабарластық. «Аталған факті бойынша полиция қызметкерлеріне ОПД Тәртіптік кеңесінің шешіміне сәйкес «Қызметке толық сәйкес емес туралы ескерту» жазасы жарияланды» деген жауап алдық. Яғни полиция қызметкерлері – Тұрсынғали Исатай мен Милат Әбужановқа ескерту ғана жасаған.

Жетісайдың полиция қызметкерлері электрошокермен соғады

Жетісай қаласының тұрғыны Нәрзілдә Сабырбай 30 қаңтар күні туған күнін және әйелінің босанғанын тойлау мақсатында жергілікті кафелердің біріне барған. Түнде достарымен кафеден шығып, үйіне қайтып бара жатқанда көлігін полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Нәрзілдә Сабырбай

«Кешкі 22:30-дар шамасында үйге қайттық. Қасымда 2-3 достарым ішімдік ішкен еді. Мен өмірімде ішпеген адаммын. Көлікті жүргізіп келе жатқан едім, кафеден көп ұзамай полиция қызметкерлері тоқтатты. Көлік ағамдікі, заң бойынша мойындаймын, жүргізуші куәлігім болғанымен, сақтандыруым жоқ еді. Полиция қызметкерлері апыр-топыр келіп, дүрсе қоя берді. Тіпті өздерін таныстырған да жоқ. Бірден менен «18-ге толғансың ба?» деп сұрады. Жасым 24-те, екі балам барын айттым. Есікті ашып, көліктен түсірді. ЖСН нөмірімді алды. Алкотестерге үрлетті. Оларға да өмірімде ішімдік ішпегенімді айттым. Сонда да полиция қызметкерлері дөрекі сөйлеп, наркологияға апаратын болып, бірден бас салып, көлікке сүйрелей бастағанда абдырап қалдым. Заң бұзбағанымды білсем де, қалтама бірдеңе салып жібере ме деген күдік болды. Дәл сол кезде достарым келіп, полиция қызметкерлеріне түсіндіре бастаған еді, маған бірден электрошокер қолданды. Жүрек тұсымнан және бұтымнан бірнеше рет электрошокермен ұрды. Алған жарақатымнан бірден көлікке отырып қалдым. Әлі не боп жатқанын түсінбей жатырмын. Бір полиция қызметкері жаныма келіп отырды. Оған: «Аға, олай істемеңіздер. Мен ішпейтін адаммын. Бүгін өмірімде қос қуаныш» деп айтып жатырмын. Сөзімді елеген де жоқ. Жұдырығымен жағымнан 3 рет ұрды. Онымен қоймай, шешемнен боқтады. Анам қайтыс болып кеткен еді. Мына сөзі жаныма қатты батты. «Боқтама, формаңды шеш» деп айқайладым. Сөзімді пысқырған да жоқ. Олар «не істей аласың? Сенгеніңді шақыр!» деп, осы жердің қожайындары өздері сияқты сөйледі. Бұл полиция қызметкерлеріне адам құқығы деген бір тиын екенін түсіндім де, үндемей отырдым», – дейді Нәрзілдә Сабырбай.

Жетісай тұрғынына сақтандыруы жоқ болғаны үшін айыппұл салған. Көлігін айыптұрағына қойған. Наркологияға апарып тексерген. Ішімдік ішпегені расталған. Кейіннен Нәрзілдә Сабырбай қызметтік этиканы сақтамай, өзін ұрып-соққан полиция қызметкерлері Д. Қуандықұлы мен Б. Мәжитті сотқа берген. Жарақат алғаны туралы Жетісай қаласы мен Шымкенттегі емханадан анықтама алған. Оған дәрігерлер сол жақ кеуде тұсы жарақат алғанын, ІІ дәрежелі күйік шалғаны туралы анықтама берген.

«Дәл сол уақыттарда олардың қасында жүріп бірде-бір рет қызметтік этиканы сақтағанын көрген жоқпын. Маған қайта-қайта «сен-сен» деп дөрекі сөйледі. Бәрі біткесін «болды боссың кете бер» дейді. Қысқаша айтқанда, мені адам құрлы көріп тұрған жоқ. Орысша айтқанда «ЛОХ» санап тұр. Мен: «Жоқ, бұлай болмайды» деп, дәрігерлерге кіріп, өзіме полиция қызметкерлері күш қолданғанын айтып, тексеруін сұрадым. Тексеру нәтижесінде арыз жаздым. Қазіргі күнде қорғаушы жалдадым. Іс сотқа өтті», – дейді Н. Сабырбай.

P.S. Осы мақала жазылып жатқанда Нәрзілдә Сабырбай қайта хабарласты. Қазіргі күнде Нәрзілдәға полиция тарапынан қысым көрсетіліп жатыр екен. Соты бүгін өткен. Оған 667-бап бойынша айып тағып, кінәлі еткен. Сот оған 77 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Оның денесіне салынған жарақаттарын негізсіз деп тапқан. Ал полиция қызметкерлері электрошокермен соқпағанын, тек қорқытқанын және ұрмағанын айтқан. Н. Сабырбайдың емханадан алып келген анықтамалары көмектеспеген. Бірақ сонда да полиция қызметкерлері Д. Қуандықұлы мен Б. Мәжиттің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Мұны Жетісай қаласының полиция департаментінің өкілдері де растады. Оларға хабарласқанымызда: «Бұл іс бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге айтар бар ақпаратымыз осы» деп жауап берді.

Ержан Сәденов басқарып отырған ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне халықтың тағар айып, айтар мұңы аз емес. Бірақ елдің тыныштығын, тәртібін күзететін Сәденов сарбаздарының оны тыңдауға уақыттары жоқ екен.

Тұрсынбек Башар

Тегтер: