Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:01, 20 Наурыз 2024

Самат Әбіш жабық соттың шешімімен шартты түрде сотталды

ұқк
Фото: из открытых источников

26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталған. Бұл туралы Дат газеті жазды.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Самат Әбішке қатысты істің құпия екенін айтқан.

«Бұл іс құпия тәртіпте тергелді. Сондықтан басқа мәліметтерді жариялай алмаймын», - деді Шындалиев журналистер сауалына.

Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілген. Аталған бап бойынша,  бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған. Сонымен қатар, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейді.  

Алайда, Дат газетіне шыққан мақалада Самат Әбіштің мүлкіне тәркілеу жасалмағаны айтылады.

«Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады. Бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер «8 жыл» деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған», деп жазған басылым.

Ал, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Әбіштің жасаған ісіне шын жүректен өкінгенін айтып, тағайындалған жазаныа шартты түрге ауыстырғанын мәлімдеді.

Сот үкімімен А. ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы етілді. Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ, деді Астана соты.

Ал, өткен жылдың қыркүйек айында Қаңтар оқиғасына қатысты сотта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов оқиға кезінде Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын мәлімдеген.

Менің айғақтарым құпия болды... Әбіштің бұйрығын орындадым деп айтуыма тыйым салмақшы, - деді Ысқақов.

Айта кетейік, Самат Әбіш экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.  2015 жылғы 25 желтоқсанынан 2022 жылдың 17 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 

2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы жаппай наразылықтардан кейін ол Назарбаевтың туысы ретінде қамауға алынғаны туралы ақпарат пайда болды, бірақ кейінірек олар расталмады. Түркияның Türkiye басылымы Самат Әбішті Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы деп жазған.

Фото-коллаж: ulysmedia.kz.

Тегтер: