Сарапшы: Еуропаға соғыс 2027 жылы келуі мүмкін — Германияға шұғыл әскери дайындық қажет

Ұлыбританиядағы Корольдік Қорғаныс Зерттеулер Институтының (RUSI) аға ғылыми қызметкері Эд Арнольд Германияны 2027 жылы Ресеймен ықтимал әскери қақтығысқа дайындалуға шақырды.
Британдық әскери сарапшы Эд Арнольдтың пікірінше, НАТО елдері алдағы екі жылда Ресеймен тікелей әскери қақтығысқа тап болуы мүмкін. Ол Германия үкіметіне онжылдық инвестициялық жоспарларды кейінге қалдырмай, қарулы күштерді жедел түрде қайта қаруландыруды ұсынады.
Аналитик Арнольд RUSI (Қорғанысты зерттеу жөніндегі Британдық Корольдік институт) орталығы атынан Неміс ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, Германия үкіметі уақытты созбай, артиллериялық снарядтар мен дәлелденген қару жүйелерін шұғыл түрде көбейтуге кірісу керек екенін айтты. Оның айтуынша, Германия Leopard 2 A8 танкісі, Taurus қанатты зымыраны мен Boxer броньды техникасының өндірісін ұлғайтып, өз армиясын ғана емес, одақтастарын да қаруландыруға тиіс.
Арнольд неміс әуе қорғаныс жүйелері – IRIS-T және Gepard секілді техникалардың Украинада "ерекше тиімді" екенін дәлелдегенін айтып, олардың да өндірісін жеделдетуді ұсынды. Сонымен қатар, ол НАТО-ның аса технологиялық қаруға ұмтылуын қайта қарау қажеттігін атап өтті.
"Украина мысалынан көргеніміз — ең мықты болу міндетті емес. Жай ғана қарсыластан сәл жақсырақ болу жеткілікті", — дейді ол.
Сарапшы Германияны америкалық F-35 жойғыш ұшақтары мен Patriot зымыраннан қорғану жүйелерін сатып алу шешімдерін де қайта бағалауға шақырды. Оның ойынша, орта мерзімді болашақта бұл жүйелерді еуропалық баламалармен алмастыруға болады.

Соғыс қайда басталуы мүмкін?
Эд Арнольдтың айтуынша, Ресеймен тікелей әскери қақтығыс басталса, бұл Балтық елдерінде, әсіресе Сувалк дәлізінде орын алуы мүмкін. Бұл – Польша мен Литваны байланыстырып тұрған стратегиялық маңызы бар құрлықтық жол, және Балтықтағы НАТО елдері үшін маңызды өткел. Сонымен қатар, Еуропадағы белсенді әскери дайындық жағдайында соғыс басқа аймақта да күтпеген жерден тұтануы мүмкін екенін ескертті.
Германия Қорғаныс министрі: «Біз 2029 жылға дейін соғысқа дайын болуымыз керек»
Арнольдтың сөзін Германия Қорғаныс министрі Борис Писториус та растап отыр. Ол жуырда берген сұхбатында:
«Біз 2029 жылға дейін соғысқа дайын болуымыз керек. Бұл – шындық. Біз өз елімізді қорғау үшін жастарға сенуіміз керек», — деп мәлімдеді.
Оның бұл мәлімдемесі Ресей тарапынан төнуі мүмкін әскери қауіп-қатерге байланысты жасалып отыр. Министрдің айтуынша, Германияға жастардың елін қорғай алатын жаңа буыны қажет, сондықтан "жаңа әскери қызмет формасы" енгізілуі мүмкін. Бұл қызмет толығымен ерікті болмауы мүмкін — демек, міндетті әскерге шақыру қайта қарастырылып жатыр деуге болады.
Писториус бұл қадамды Германияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет деп есептейді. Бұл пікірмен басқа да еуропалық елдердің әскери басшылары келісіп отыр. Мысалы:
-
Норвегия Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Эйрик Кристофферсен НАТО-ның Ресейге қарсы тұруға дайындалу мүмкіндігі "2–3 жылға дейін" қысқарғанын айтты.
-
Польша президенті Анджей Дуда Ресей 2026–2027 жылдары НАТО-ға шабуылдауға қауқарлы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұл мәлімдемелердің бәрі Еуропа елдерінің Ресей тарапынан төнуі мүмкін қауіпке қаншалықты байыппен қарап отырғанын аңғартады. Қорғанысқа бөлінетін қаражат өсіп жатыр, әскери өнеркәсіп жандануда, ал жастарды әскери қызметке тарту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты.