Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:18, 08 Ақпан 2024

Саясат Нұрбектің қол қоюдан қолы босамай жүр

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми парақшаларында «ынтымақтастық орнатылды» деген жаңалықтар жиі ұшырасады.

Саясат Нұрбек мырзаның бастамасымен шетелдік университеттермен байланыс орнату «қызып жатыр». Өткен айдың өзінде біріне министр, біріне ЖОО ректорлары қатысқан 20-ға тарта кездесу өткен. Көбінің қорытындысы бірдей – меморандумға қол қойылады! Әрине, әлемдік стандарттар мен бағдарламаларға құлаш сермеп, жастарға мол мүмкіндік ашу бастамасы да, идеясы да концептуалды тұрғыдан қарағанда тиімді. Бірақ бұл да жағымды статистика мен әдемі фото жасаудың кезекті науқаны секілденіп бара жатқандай.

Министрдің кенеттен белсенуінің себебін іздегенде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік университеттердің филиалын көбейту туралы тапсырмасы еске түседі. 2025 жылға дейін кемінде 5 әлемдік жетекші оқу орны Қазақстанға келуі керек деп жоспарланды. Мұндай келісімдер мен байланыс негізінде студенттер, оқытушылар, профессорлар академиялық ұтқырлық арқылы шетелде оқуға мүмкіндік алып, бірлескен зерттеулер мен ғылыми жұмыстар жасалады, қос диплом бағдарламасы қолданылады. Тапсырманы орындауға кірісіп кеткен сол кездегі министр А.Аймағамбетов 2021 жылдың қыркүйегінде Алматыда британдық De Montfort University Leicester филиалы ашылғанын хабарлады. Ал жақында ғана Oxford-та қазақ тілі оқытылғалы жатыр деп мақтанған министр Нұрбек жоғарыда айтқанымыздай, «меморандумнан меморандумға» үлгермей жүрген секілді. Құдайдың құтты күні біреумен ынтымақтастық келісімін жасап жатқаны...

Бұл туралы саясаттанушы Мәди Ханафия: «Меморандум – көп жағдайда ешқандай заңды күші жоқ құжат. Және ол тараптарды ешнәрсеге міндеттемейді. Тек ұсыныс ретінде, тараптардың еркі ретінде жасалатын келісім», – дейді. Иә, негізі бұл жалпыға белгілі нәрсе. Бірақ әр меморандумын жарнамалап, ынтымақтастыққа «жол ашып» жүрген министр үлкен іс тындырғандай көрініп жататыны бар. Десек те, осы жылдың басындағы есеп бойынша, Қазақстанда небәрі 8 шетелдік филиал жұмыс істеп жатыр. Бұл министр «меморандумдатып» жүрген шетелдік ЖОО-лардан бірнеше есе аз.

Олардың дені өңірлік университеттердің базасында ашылған. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасындағы шотландиялық Herriot-Watt университетінің филиалы осы оқу жылынан бастап студенттерді оқыта бастады. Қазір онда 300 студент бар. Келер жылы тағы осынша грант бөлінбек. Қызығы сол, жүйе шотландиялық болғанымен оқытушылардың бәрі қазақстандықтар. Бұл туралы филиал деканы Ғалымжан Тулеушовпен тілдестік.

«Студенттерді қабылдап, іріктеуде екі талап болды: IELTS – 5,0, ҰБТ 55 балдан жоғары болуы керек. Себебі сабақ толық ағылшын тілінде өтеді. Десек те, IELTS тапсырып жатқандар аз, оны тапсыра салу да тез тірлік емес. Әрі ата-аналар мен студенттердің қалтасына салмақ болмасын деп өз қабырғамызда деңгейлік тест өткізіп, соның нәтижелерімен қабылдадық. Барлық бағдарлама, оқулықтар, бағалау жүйесі мен платформалар шетелдікі. Осы дайын материалдар оқытушыларға беріледі. Қазақстандық оқытушылар сол дайын сабақты өткізіп береді. Әуелде ата-аналар да, студенттер де қос диплом дегенді түсіне қойған жоқ. Сондықтан студенттерді тарту үшін ақпараттандыру жұмыстары барлық мүмкін құралдар арқылы жүргізілді. Профориентаторлар тобы құрылып, мектептерді аралап, таныстырады» – дейді филиал маманы.

Біз аталған оқу орынның алға шқы студенттерімен де сөйлестік. Солардың бірі Темірлан Таукешов IELTS нәтижесі болмаса да, университеттің өз тестін тапсырып, оқуға түскен. Айтуынша, барлық пәндер ағылшынша өтетіндіктен бірінші семестр тек осы сабаққа арналыпты. Ал қазір олар физика, математика, химия, информатика, ағылшын тілі пәндерін өтіп жатыр. Бірақ шетелдік оқытушылар сабақ беріп жатқан жоқ. Бұл бір деңіз. Екіншіден, студенттердің көпшілігі Темірлан секілді ішкі тест арқылы өткен екен. Бір жағынан себебі де түсінікті, IELTS тапсыра алған түлектер ойланып жатпай шетелге кетеді. Демек, елде ашылып жатқан филиалдар жаппай ішкі тестке көшіп, IELTS нәтижесін сұрамаса да болар еді. Студенттер қалай да болса бір семестрін шет тілін меңгеруге арнайды. Бірақ министрлік бұл жағын егжей-тегжейлі ойланбаған секілді.

Ал тағы бір кореялық ЖОО филиалында студенттер ағылшынды ғылым тілі ретінде меңгерумен қатар (!), кәріс тілін де оқиды. Оқу жүктемесінің күштілігі сондай, қыркүйектегі 40 студенттен жаңа жылдан соң 30 білімгер қалған. Осылайша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ашылған Оңтүстік КореядағыСеул Ұлттық ғылым және технология университетінің филиалында небәрі 30 студент оқып жатыр (кейбір филиалдарда тіпті 15-ақ студент оқиды). Олар киберқауіпсіздік, ақпараттық жүйе, есептеуіш техникалар, информатика білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда. Аты дардай филиалда аз ғана бала оқиды демесеңіз, мұнда профильді пәндерді Кореядан арнайы келген оқытушы өткізеді. Қалған сабақтарды қазақстандық оқытушылар оқытуда. Филиал маманы Нұрлан Мералының сөзінше, шетелдік филиалдардың басты артықшылығы да сол – шетелдік оқытушылардың сабақ беруі.

«Қазақстандағы оқу бағдарламасы ойдан құрастырылған жоқ. Ол да әлемдік бағдарламаларға қарап жасалған. Шетелдік бағдарламадағы айырмашылық пәндердің ішіндегі сипаттамада ғана. Сондықтан мәселе пәннің өзінде емес, оны кім, қалай оқытатындығында. Өзгешелік оқытушылар мен олардың «подходында». Қалғаны бәрімізде бірдей. Сондықтан шетелдік ғалымдар мен оқытушылардың келіп, филиалдарда сабақ беруі маңызды», – дейді Нұрлан Мералы.

Расымен, кейбір филиалдардың шетелдік деген аты болмаса, оқытып жүрген отандық мамандар. Алайда қанша жерден іріктеліп, қолына дайын «методика» берілсе де, екі елдің, екі түрлі ғылым деңгейінің, екі түрлі оқыту әдісінің нәтижесі де екі түрлі болатыны анық. Демек, оқытушылардың шетелдік ЖОО-ның өзінен келуі – филиал беретін ең үлкен артықшылық. Бұл туралы өз есімін көрсетпеуімізді сұраған шетелдегі қазақ ғалымы былай деді:

«Баяғыда Қазақстанға Coca-Cola келді. Әрине, оларда белгілі бір қатып-қалған стандарттар бар және оны бізге жеткізу, меңгеру жағы бар. Тура осы секілді біз шетелдік ЖОО-дағы стандартты әкелгіміз келеді. Тек оны жеткізудің амалын аса жасап жатқан жоқпыз. Стандарттарды әкелетін, үйрететін мамандар керек екенін назарға ала бермейміз. Ең алдымен, біздің оқытушыларды апарып дайындау немесе филиал ашып отырған шетелдік ЖОО-ның оқытушыларын елге әкелу секілді әдістер қарастырылуы керек. Әйтпесе, тек бағдарлама көп нәрсеге әсер ете алмайды. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебі өздерінің мұғалімдерді дайындау жүйесін жасап шықты. Мұғалімдерді сол программамен оқытады. Осындай ортақ жүйе қажет. Өйткені әр келген филиалдың өз жүйесіне қарап, әрқайсысына әртүрлі жағдай жасап, шашыраңқылыққа жол беруге болмайды».

Сонымен, қазір Қазақстандағы әртүрлі филиал сан түрлі әдіспен жұмыс істеп жатыр. Алдағы қыркүйекте тағы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті базасында ресейлік Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде түркиялық Хаджеттепе университетінің, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде түркиялық Гази университетінің филиалы, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанынан неміс жоғары оқу орындарының консорциумдары ашылмақ. Олардың да қайсыбірі отандық оқытушылармен, қайсысы филиал мамандарымен оқытатыны сұрақ. Әрі оқуға қабылдау, грант беру, ағылшын деңгейін бағалау жағы да жетілдіруді қажет етеді. Осылайша, «шетелдік филиал, шетелдік бағдарлама, шетелге шығуға мүмкіндік бар» деп айғайлағанымызбен, білім сапасына әсер ететін көп факторлар әлі күнге шимай-шатпақ күйі жатыр, біртұтас жүйе жоқ. Бұл орайда меморандум жасауда алдына жан салмайтын министр келісімдерді қалай жүзеге асыратынын да ойланса артық етпейтін секілді.

Баян Мұратбекқызы