Саясат

Семейде «Абай Аренаға» адам, Ұранхаевқа шаң жуытпайды

Газетіміздің 8 тамыз күнгі санында «Семей талапай, Абай солақай. Ұранхаевқа сұрақ болмасын» деген материал жариялаған едік.

Семейде «Абай Аренаға» адам, Ұранхаевқа шаң жуытпайды

Сол мақалада Семейдегі «Абай Арена» спорт кешеніне қарапайым халық кіре алмайтынын, спорт үйірмелеріне Қарағайлы шағын ауданының тұрғындары балаларын бере алмайтынын жаздық. Бізге мұндай ақпаратты Семей тұрғындарының өзі жеткізген-ді. Бүгінгі нөмірде осы мәселені тереңірек зерттеп көрдік. Құзырлы мекемелерге хат жаздық, сұрау салдық. Алайда айтылған сынды шыбын шаққан құрлы көрмейтін Абай облысының атқамінерлері бұл жолы да мыңқ етпей, міз бақпай отыр. Тіпті газет беттеліп біткенше біз сұратқан мәліметтерді жібермеді.  

Өткен жолғы материалда жазғанымыздай, «Абай Аренаны» жалға беріп отырған азаматтардың артында әкімдіктегі әлдебір дөкейлер болуы мүмкін деген деректі індеткен едік. Әрине, мұндайда біреудің «Мен, мен едім, мен едім» деп шыға келмесі анық. Оның үстіне, кешенді әкімдіктен алып жалға беріп отырғандар мен әкімдік өкілі арасындағы келісімшарт құпия, ауызша жасалатыны анық. Қолымызға мөрлі құжат түсе қалады деп үміттенген де жоқпыз.

Сонымен, кешенді қазір кімдер басқарып, кімдер жалға беріп отыр? Соған тоқталайық. Біздің қолға түскен ашық дереккөздердегі ақпараттарға қарағанда, «Абай Арена» спорт кешені 2020 жылдың жазынан бері сенімгерлік басқаруға өткен. Жалпы, арена – Қазақстандағы ең үлкен спорт кешендердің бірі. Үш блоктан тұратын аренаның жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. 5500 орындық стендтері бар. Одан бөлек, 11 мың шаршы метрге жуық көрермендерге арналған стендтері бар демонстрациялық бассейн, 9 мың шаршы метрден асатын спорттық ойын-сауық кешені тағы бар. Құрылысына 27 млрд теңге кеткен. Бұл енді кешен туралы қысқаша мәлімет.

Сонымен, аренаны бүгін кімдер басқарады? Egov.kz сайтында спорт кешен сенімгерлік басқаруға берілген, «Семей-Номад» ЖШС басшысы Гүлмира Мүсілім деп көрсетіліпті. «Семей-Номадтың» құрылтайшысы – Дәулет Дүсқұжанов екен. Енді мына қызыққа қарыңыз, ашық дереккөздерде нысанның құрылтайшылары Әсемқан Дүсқұжанов, Сәуле Дүсқұжанова және Дәулет Дүсқұжанов меншік иесі болып табылатын «Фирма Азия» деген компания салған. Былайша айтқанда, кешенді салғандар да, қазіргі сенімгерлік басқаруға алып, жалға беріп, ақша тауып отырғандар да бір әулеттің адамдары. Яғни аренаның қызығын Дүсқұжановтар ғана көріп отыр.  

Осындайда заңды сұрақ тумай ма? Құрылысты салған «Семей Номад» нысанды қалай жалға беріп отыр? Әлде Дүсқұжановтардың иелігіндегі компаниялардың бәрі әмбебап қызмет көрсете бере ме? «Абай Аренаны» нөлден бастап салған компанияның көлдей табысқа кенеліп, сенімгерлік басқаруға алуында қандай заңдылық бар? Заң бойынша құрылысты салған компания мен нысанды жүргізетін компания екі бөлек болмай ма? Әлде, Семейде Дүсқұжановтардан басқа іскер азаматтар жоқ па? Бұл арада өткен жолғы материалымызда жазғанымыздай, Дүсқұжановтар мен әкімдіктегі әлдебір дөкейдің арасындағы құпия келісімшарт туралы сыбыс шындыққа сай келетін сияқты.

Материалды дайындау кезінде Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Берік Байғаранытауып, бірнеше сұрақ жіберген едік. Алайда әкімнің баспасөз қызметі біздің сұрақтарға жауап берудің орнына, «сауалдарыңызды облыстық спорт басқармасына жолдаңыздар» деп, сол жаққа жол сілтеді. Ал спорт басқармасының баспасөз хатшысы Зарина Арманқызы біздің сұрақтарымызбен танысып шыққан соң басқарманың әлдебір қызметкерінің телефон нөмірін берді. Ол біздің телефонды көтермеді. Баспасөз қызметіне қайта хабарласқанымызда, бізге өздері қоңырау шалатынын айтып, жауапкершіліктен бастарын алып қашты. Ертесі спорт басқармасынан Нұрболат есімді қызметкер хабарласты. Ол мұндай сұрақтарды қала әкімінің шешетінін айтып, хатымызды сол жаққа жөнелтуге тура келді. Оларға да ресми хат жаздық, сауал жолдадық. Бірақ хатымызды алған-алмағандарын біле алмадық. Өйткені қала әкімі кеңсесінің нөмірі деп берген телефонды ешкім көтерген жоқ. Кешіріңіздер, телефонға қоңырау бармады. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегеннің кері, қысқасы.

Абай облысындағы дөкейлер ат басын алып қашқан сауалдың негізгі мазмұны соншалық қорқынышты емес еді. Біз сауалымызда спорт кешені кімдерге қызмет көрсетеді, жергілікті тұрғындар балаларын неге үйірмелерге тегін бере алмай отыр, меншік иесі Дүсқұжановтармен әкімдік арасында қандай келісімшарт бар, әкімдікке кешенді жалға беруден ақша түсе ме, түскен қаржы қайда, қалай игерілуде деген сияқты сауалдар еді. Осы материалды жазу барысында біздің бір байқағанымыз, қай мекеме қызметкері болсын Ұранхаевқа шәк келтірмеуге тырысады. Тіпті спорт кешеннің де, біздің сауалдың да Ұранхаевқа қатысы жоқтығын айтып шыр-пыр болып жатыр. Демек, спорт кешеніне байланысты әңгіменің соңы Ұранхаевқа жете қоймайды деген сөз. Әлде, бұл іске сол облыс басшысының өзі тікелей араласып, бұл туралы (өзі туралы) ақпарат шығып кетпеуін шегелей тапсырған болуы мүмкін. Бұл, әрине, болжам ғана, ал анық-қанығын айтуға тиіс семейлік атқамінерлер Ұранхаевтың ақтығын айтып, жақын арада тауыса алмайтын сияқты.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз