Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:32, 23 Мамыр 2024

Сенат халықтың несие алуын азайту туралы заңды кері қайтарды

d
Фото: из открытых источников

Сенаторлар қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу туралы заңды қарады, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады.

Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.

Атап айтқанда, заңда азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де ескерілген. Енді электронды қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.

Талқылау барысында сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Сенаторлар ұсынған өзгерістердің қатарында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тастау туралы құқықтық тетіктер бар. Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көзделген қарыз өтеуді кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту ұсынылды. Бұл түзету запасқа шығарылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр.

Фото: ҚР Сенаты

Тегтер: