Қоғам

Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Сенат Қазақстанда рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады. Құжат қылмыстық және әкімшілік рақымшылықты қамтиды.

мәжіліс

Заңға сәйкес, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылық жасағандарға, онша ауыр емес қылмыс жасағандарға және орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылады. Бұл ретте келтірілген залалдың болмауы немесе толық өтелуі негізгі шарттардың бірі болып саналады.

Сондай-ақ бірқатар сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады. Алайда рақымшылық барлық санаттағы сотталғандарға бірдей қолданылмайды.

Құжатқа сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, терроризм, экстремизм, зорлау, азаптау, кісі өлтіру, мемлекеттік опасыздық, сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық пен қудалау (сталкинг) үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.

Заң аясында алғаш рет әкімшілік рақымшылық та қарастырылған. Соған сәйкес азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар және заң консультанттары өтелмеген әкімшілік айыппұлдардан босатылады.

Құжаттың заңды күшіне енуі үшін оған Мемлекет басшысы қол қоюы қажет.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз