Әлеумет

Сенаторлар жануарларға қатысты түзетулерді Мәжіліске қайтаруды ұсынды

Сенаторлар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген даулы түзетулерді қайта қарау үшін Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Бұл туралы Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Максим Споткай мәлімдеді.

Қаңғыбас иттер

Оның айтуынша, заң жобасы Сенатқа түскеннен бері жұмыс тобының бес отырысы өтіп, 300-ден астам азаматтың өтініші қаралған. Талқылауға сенаторлармен қатар мемлекеттік органдар өкілдері, жануарларды қорғаушылар мен қоғам белсенділері қатысқан. Әсіресе, өңірлерден қаңғыбас жануарлар мәселесіне қатысты алаңдаушылық көп түскен.

Споткай Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында бұл мәселеге ерекше тоқталғанын атап өтті. Президент бұралқы жануарлар мәселесін адамдардың жауапсыздығымен байланыстырған. Сонымен қатар жануарларға дұрыс қарамау мен қатыгездік үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтқан. Соңғы уақытта қаңғыбас иттердің адамдарға, соның ішінде балаларға шабуыл жасау деректері жиілегені де сөз болды.

Осыған байланысты сенаторлар заңға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынған. Атап айтқанда, қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін әр өңірдің мәслихаттары дербес айқындауы тиіс. Бұған қоса, заңдағы «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды.

Сондай-ақ, жануардың қаңғыбас екенін анықтауда негізгі белгі ретінде оның иесінің болмауы қарастырылуы қажет деген түзету енгізілген. Себебі барлық үй жануарларын қысқа мерзімде толық чиптеуді қамтамасыз ету, әсіресе шалғай ауылдарда, қиынға соғуы мүмкін.

Споткайдың сөзінше, бұдан өзге де мазмұндық және құқықтық өзгерістер ұсынылған. Барлық түзетулер салыстырмалы кестеге енгізіліп, Сенаттың профильдік комитеті заң жобасын Мәжіліске қайтаруды ұсынған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз