Саясат

Сенген қойым сен болсаң

Праймериз додасынан жұртым, ұлтым дейтін ұлды да, қызды да, ұлттық құндылығымызды дәріптеген «Nur Otan» партиясы өкілін де көрмедім.

Сенген қойым сен болсаң

Н.Назарбаевтың «Қазақ тілі мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналады» деген сөзін «нұротандықтар» жоққа шығарды.     Жақында астанамыздағы «Nur Otan» партиясының ғимаратында өткен праймеризге қатысушылардың жиынында болдым. Үлкен додаға түсіп жатқандар өңшең қаракөз қазақтар екен. Жаратқанға шүкіршілік айтып, іштей қуандым. Айман Мұсаходжаева, Тұрсынбек Қабатов, Ерлан Дәкенов, Бақтияр Артаевтарды көріп, ұлтымыздың көсегесін көгертетін сайыпқыран ұл-қыздарымыз басын бәйгеге тігіпті-ау деген үмітім молая түсті. Мәжіліске шақырылған 30 адамның 29-ы қазақ, біреуі өзге диаспора өкілі екен.       Не керек, белгіленген уақытта жиналыс басталып, оны Нұр-Сұлтан қаласы «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов ашты. Әдеттегідей бір ауыз қазақшасын айтты да, орысша көсілді-ай келіп. Лэд экрандағы жазбалар да көрші Ресейдің мемлекеттік тілінде. Қазақстанның мемлекеттік тілінде ләм-мим деген жазу, иә болмаса сөз естісем, не соқыр, не керең болайын. Ұяттан да, намыстан да кірерге тесік таппай кеттім. Ерлан Ермекұлы жарты сағат орысша жүйткіп барып тыныстағаннан кейін, әдеппен қолымды көтеріп, мен ештеңе түсінбегенімді, енді қазақша айтып беруін өтіндім. Ерекең салған жерден: «Мен қазір жиналысқа асығып отырмын, менің кабинетіме келіңіз, жеке өзіңізге түсіндіріп берейін», – деп қарап тұр. Мәссаған, безгелдек. Ол – ол ма, көретін сорақылық әлі алда екен.

      Ерекең залда отырғандарға трибунадан кеңірдегін созып, «тағы кім түсінбей қалды» деп сұрау салды. Залда отырған 29 қазағым бастарын ішіне тығып алып, оқтау жұтқандай мелшиді де қалды. Ішінде бүлік салғыш, орысша түсінбейтін жалғыз мен болып шықтым. Жаңағы Тұрсынбегің де, Айман Мұсаходжаеваң да, керемет деп, төбеге көтеріп жүрген ұл-қыздарың да мынауыңыз дұрыс емес деуге, мемлекеттік тілді талап етуге жарамады. Ал енді осылар алда-жалда еліміздің жоғары заң шығарушы органы –парламентке депутат болатын болса, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды дегенге сенер ме едіңіз? Қара басының қамын күйттегендер екені әлден-ақ көрініп тұр. Сонымен қатар халқымыз үміт артқан «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ермекұлы мемлекеттік тілді ысырып тастап, Ресей мемлекетінің тілін әспеттеуін қай шеңберге сыйғызамыз? Бұл партия беделін ұлт алдында, мемлекет алдында масқара ету емес пе?! «Nur Otan» ХДП көсемі Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзін партия мүшелері аяқасты етіп отырғанына көзіміз жетті. Одан қалды, Н.Назарбаев «Жүз қазақ отырып, бір орыс отырса, жабылып орысша сөйлейміз, біз сондай сорлы халықпыз» деп айтса, айтқандай-ақ екен. Оны «Nur Otan» партиясының өкілі Ерлан Каналимовтың өзі-ақ дәлелдеп берді. Қара шал Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде» деген осы шығар. Өзекті өртейтін жайт.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз