Сергей Лавров: Ресей Киевке «жүйелі соққылар» жасай бастайды
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Мәскеу Киевтегі нысандарға «жүйелі әрі дәйекті соққылар» жасалатынын мәлімдеген.
Бұл туралы Ресей СІМ хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Лавров бұл сөйлесуді Ресей президенті Владимир Путиннің тапсырмасымен өткізген.
Сондай-ақ ол АҚШ тарапына Киевтен америкалық дипломатиялық қызметкерлерді эвакуациялау жөнінде бұған дейін берілген ескертуді еске салған.
Ресей СІМ мәлімдеуінше, Ресей Қарулы күштері Украина армиясының қажеттілігіне пайдаланылып отырған нысандарға және «шешім қабылдау орталықтарына» қарсы шабуылдарды бастайды.
Сонымен қатар Лавров 2025 жылдың тамызында Анкоридж қаласында АҚШ бастамасымен қол жеткізілген келісімдерді де атап өткен.
Ресей тарапының пікірінше, Еуропа елдері мен Киев билігі сол келісімдердің жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр.
Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті Рубио мен Лавров арасындағы әңгіменің нақты мазмұнын жарияламады.
Вашингтон тек тараптардың Украинадағы соғыс, екіжақты қатынастар және Иран мәселесін талқылағанын хабарлады.
Бұған дейін Ресейдің Киевке жаппай зымыран және дрон шабуылдарын жасағаны туралы ақпарат тараған еді.
Сонымен бірге АҚШ-тың Киевтегі елшілігі қауіпсіздік туралы ескерту жариялап, америкалық азаматтарды ықтимал ірі әуе шабуылдарына дайын болуға шақырған.