Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:41, 16 Сәуір 2024

"Шаманка" дегеніне шыдамадым". Ұршық иірген оралдық әжемен сұхбат

Сәуле Нұрғалиева
Сәуле Нұрғалиева

Еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желіде суды қайтарады делінетін ырым-жоралғылардың видеолары тарады. Солардың бірі – ұршықты теріс иіру ырымы.

 Оралдық әже Жайық жағасына барып ұршығын теріс иіріп, бата оқыған. Дәл сол кезде бейтаныс ер адам келіп, оның әрекетін теріс дейді.  Әже оған "уахабистің әңгемісін айтпа, бұл қазақтың салты" деп жауап қатады. Сөйтіп, әже мен бейтаныс ер адам дауласып қалады. Олардың видеосы әлеуметтік желі де таралып кетті. Әжені мақтап, ер адамды даттағандар да, керісінше, ер адамды мақтап әженің әрекетін теріс дегендер де табылды. Қазір аталған видео қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Jas Alash порталының тілшісі оралдық әже – Сәуле Нұрғалиевамен оқиғаның қалай болғанын білу мақсатында тілдесті.

Сәуле Нұрғалиева
Сәуле Нұрғалиева. Фото: видедодан скриншот

                                                      Оқиға қалай болған

“Жасым 73-те, бұл қазақтың ертеден келе жатқан ырымы еді. Бұл ырымның ешкімге зияны жоқ, бірақ пайдасы бола ма деген үмітпен істедім. Ата-бабамыздан келе жатқан ырымды әжемнен естіген едім, ертеде қазақта өрт болып, сонда әжелер ұршықты теріс иіріп желдің бетін қайтарыпты. Содан өрт басылған екен. Есімде қалған ырымды мына тасқынның бетін қайтаруға бір көмегі бола ма дегенім ғой. Соны ойлап суға келіп жасадым, жағалауда жас жігіттер жүрген еді видеоға түсіріп алыпты. Кейіннен ол таралып, жергілікті журналистер маған : “Апа, сол ырымыңызды қайталап жасайсыз ба, біз түсіріп алсақ” деп хабарласты. Келісіп түсіріп жатқанда, тасқынға қарсы дамба көтеріп жатқан жігіттердің ішінде бір жігіт айқайлайды. “Шаманизм, шаманка, бұл неге керек!” дейді. Жасым үлкен болса да, тұрып жауап беруге тура келді. “Қарағым, неге олай айтасың, бұдан кімге зиян бар?” дедім. Шыны керек ешкімге зияны жоқ қой. Пайдасы да болмасын, бірақ менің осы су тасқынан қарсы жұмыс ісітеп жатқандарға қосайын деген үлесім ғой. Жай қарап отырмайын деген ниетім. Ол жігіт те бой бермей: “Қолыңдағы қойдың жүні, ұршығың ағаш. Суға лақтыр тасқынды қайтара ала ма екен” дейді.

Ал енді оған жүннің де, ұршықтың да еш қатысы жоғын қалай түсіндірем? Бұл жердегі ырымның мәні ұршықты теріс иіру арқылы иірімді кері бұру. Теріс ағымдағы жігіт болу керек. Әйтпесе, бұлай айтпайтын еді. Иегінде жоқша сақалы бар. Шошайып тұр. Менің де тілім шапшаңдау адаммын. Айтып тастадым. “Шаманка” дегеніне шыдамадым. Енді барынша түсіндіріп айттым. Егер түсінген болса, бірақ ол бала түсінетін жастан өтіп кеткен сияқты. Кейіннен әлеуметтік желіге таралған видеоға комментарий де жазыпты. “Сен мені бала депсің, бала дегенің осыдан 30 жыл бұрын дүниеге келген” депті. “Айналайын, дұрыс жазыпсың. Осының барлығы 30 жыл бұрын басталған. Елге теріс ағымдағы дін сол кезден бастап кірген еді. Сен солардың піскен жемісі болып тұрсың” деп мен де жазып жібердім. Басқа не айтамын?”, - дейді Сәуле әжеміз.

Сәуле әженің айтуынша, бұл ырымды тек ол істеп жатқан жоқ. Су тасқыны басталғасын жер жерде бәрі де ұршықты теріс иіріп жатыр екен.

“Көңіліміз, ниетіміз дұрыс. Тасқын тоқтаса екен деп отырмыз. Алланың қолындағы іс қой. Біз де Алладан тілек тіледік. Осы судың зардабынан құтқара көрсе екен деп дұға тілеудеміз. Қарағым, бөтен тілек, ниет жоқ қой бізде. Қап көтеріп, күрек ұстамасақ та қолымыздан келгенше үлес қосып жатырмыз”, - дейді Сәуле Нұрғалиева.

Сәуле Нұрғалиева
Сәуле Нұрғалиева жағалауда дамба тұрғызып жатқандарға көмектесіп жатыр. Фото: Сәуле Нұрғалиева

Сәуле әжеміз тасқынға қарсы бүкіл халық болып жұмыс істеп жатқанда құр қарап отыра алмаймын дегенінің себебі де бар. Ол біраз жылдан бері волонтер. Тайпақта зейнетке шыққанша бухгалтер болып қызмет атқарған. Жолдасы қайтып, балалары өскесін Орал қаласына көшіп келген.

“Оралға келгесін бір күні “Ардагерлер” клубына келдім. Бұл да маған берген алланың сыйы екен сол жерде қайрымдылықпен айналысатын қыздармен таныстым. Өзім ашық, адамдармен сөйлесе беретін адаммын. Олармен тез тіл табысып кеттік. Қыздар шала туған балаларға таза жүннен киім тоқиды екен. “Киімге қажетті материалдарды өз ақшамызға сатып аламыз. Оны тоқып, кейін тегін таратамыз, осыған қосыласыз ба?” деді. Бірден келісе кеттім. Содан бері күміс волонтермін. Волонтердің қазақшасын білмеймін. Өзім "атымтай жомарт" деп атаймын. Сол енді атымтай жомартпын. Балаларға бұйымдар тоқып береміз. Біреуге көмектесуге үйреніп қалған адаммын, жұрт қиналып жатқанда отыра алмадым. Көжемді, бауырсағымды пісіріп сол жерге барып жүрмін. Бір-екі рет қаптың аузын ашып тұрып едім, белім мен тізем шыдатпады. Шаршап қалдым. Қолымнан келген көмегімді аямай жатырмын”,- дейді  Сәуле Нұрғалиева.

Сәуле Нұрғалиева
Фото: Сәуле Нұрғалиева

Сәуле әже Зачаганск деген Оралдың маңайындағы ауылда тұрады. Ауылда эвакуациянған адамдар бар. Әжеміз оларға да қол ұшын созып, көмегін беріп жүр. Кейіпкеріміз волонтерлік қызметтен бөлек “Асыл Әже” тобында да өнер көрсетеді. Аталған топ ән айтып, түрлі аспаптарда ойнағаннан бөлек қазақтың салт-дәстүрін насихаттайды. Әжеміз ең ұзын құрақ көрпе тігу арқылы Қазақстан Гиннес Рекордтар кітабына да енген.

Сәуле Нұрғалиева
Сәуле Нұрғалиеваның КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабына кірген құрақ көрпе. Фото: Сәуле Нұрғалиева

“Халқымыздың апат келгенде барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жатыр. Көріп көңілің толады. Су келеді деп қашып жатқан адам жоқ. Бәрі де осы дамба тұрғызып, су тасқынының алдын алу әрекетін жасауда. Волонтерлердің де көмегі зор. Күндіз-түні дамыл таппайды. Тамақтарын әкеп, керек-жарағын тауып береді. Халықтың ауыз біршілігі күшті, оны мақтанып айта аламын. Тіпті олар үкіметке де қарап жатқан жоқ. Өздері жұмыс істеп жатыр”, - дейді Сәуле Дүйсенбайқызы.

Сәуле Нұрғалиева
Фото: Сәуле Нұрғалиева

Кейіпкеріміз бұл дәстүрді апат кезінде ғана емес былай да насихаттау керек деп есептейді. Себебі ата-бабадан қалған дәстүр ұрпаққа жету керек.

“Кеше осы ырымды жасарда көрші Бауыржан деген балама суға апарып келуін өтіндім. Ол келіншегін ерте келді. Ырымды жасап болғасын көрші балам: “Апа, сізге рахмет. Әйелімді алып келдім. Ол сізден көрді. Қалай жасау керегін үйренді. Апаттан Құдай сақтасын. Болған жағдай да жұбайым да мұны жасайтын болады. Бұл да кейіннен өсіп келе жатқан жастарға үйретеді”, - дейді. Көрдіңіз бе, бір ғана көрген әйел бұл ырымды “жалғастырам” деп отыр. “Асыл Әже” тобы ән айтып қоймай, осындай сал-дәстүр мен ырымдарды да насихаттайды”, - дейді 73-тегі әжеміз.

Айта кетейік, аталған оқиға бойынша Орал облыстық полиция басқармасы Jas Alash порталының тілшісіне видеодағы ер адамды тауып оған ескерту жасалғанын хабарлады.